- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Суррогат аналар
“Суррогат ана қызметіне жүгінген ең үлкен ер адам - 72 жаста“. Құрсақ ана болу құны қанша?
Бүгінде құрсақ аналардың қызметіне сұраныс айтарлықтай артты. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі суррогат ана болуға қатысты "Болашақ" суррогат ана орталығының негізін қалаушы Дамира Шоқанқызымен сұхбаттасты.
Елде суррогат ана қызметін пайдалану қатаң реттеледі, сондықтан дене бітімін бұзып алудан қорқатын әйелдер құрсақ ананың көмегіне жүгіне алмайды.
Заң бойынша суррогат ана қызметін төмендегі шарттарға сәйкес келетін ерлі-зайыптылар ғана пайдалана алады:
- некесі ресми тіркелген;
- бедеулік диагнозының қойылуы;
- әйел физиологиялық тұрғыдан бала көтере және туа алмайды.
Қазақстанда құрсақ ана қызметін пайдалану құны қанша?
Суррогат ана орталығының негізін қалаушы Дамира Шоқанқызының сөзінше, қызмет бағасы жылдан жылға өзгеріп отырады.
Бүгінде өзекті сома:
- Тәжірибесі жоқ суррогат ананың ақысы тапсырыс беруші ҚР азаматтары болса, ең азы - 5 миллион теңгеден басталады;
- Ал тәжірибесі бар суррогат ана қызметінің құны - 7 миллион теңгеден басталады;
- Егер баланың биологиялық ата-анасы суррогат анаға жүктілік кезінде тұратын үй тауып бермейтін болса, суррогат ана ай сайын 300 мың теңге алып отырады. Дегенмен әдетте суррогат ананың көпшілігіне тұрғын үй беріледі, сондықтан ай сайынғы төленетін сома азаюы мүмкін;
- Суррогат ана босанғаннан кейін денсаулығын қалпына келтіріп, емделуі үшін шамамен - 400-500 мың теңге өтемақы төленеді;
- Егер әйел баланы кесарь тілігі арқылы босанатын болса, ем алу үшін өтемақы сомасы 1 миллион теңгеден басталады;
- Суррогат анадан дүниеге егіздер келсе, өтемақы сомасы 1,5 миллион теңгеден жоғары болады;
Фото: depositphotos.com
Суррогат аналарға қандай жағдай жасалады?
Сонымен қатар орталық иесі суррогат аналарға жүктілік кезеңінде қандай жағдай жасалынатынын бөлісті.
"Әркімнің талабы әртүрлі. Суррогат анаға қандай жағдай жасалынатыны бағдарлама басталғанға дейін тапсырыс берушілер, яғни баланың биологиялық ата-анасы мен әйелдің арасындағы "суррогат ана туралы шартта" жазылады және нотариалды түрде куәландырылады", - деді ол.
Дамира Шоқанқызы қоғамда қалыптасқан "баланың биологиялық ата-анасы суррогат ананың кез келген қалауын орындайды" деген ұғымға қатысты да пікір білдірді.
"Негізінде барлығы шарт шеңберінде ғана болады. Дегенмен мұнда тапсырыс берушілер адами факторға жиі көңіл бөледі, яғни көпшілігі суррогат ананың айтқанын екі етпеуге тырысады, мерекелерде құттықтап, сыйлық жасап, ерекше көңіл бөледі", - деді орталық иесі.
Отандық құрсақ аналардың көмегіне шетелдіктер жүгіне ме?
"Болашақ" суррогат ана орталығының негізін қалаушы өз перзентін сүю үшін көмек сұрап келетіндердің көбісі қазақтар екенін айтады. Оның сөзінше, құрсақ ана қызметін пайдалануға арнайы келетін шетелдіктер жалпы санның 10 пайызын ғана алады.
"Шетелдіктер мүлде келмейді десем де болады, жылына 10 пайыз ғана. Оның өзінде, бұл шетел адамына тұрмысқа шыққан немесе үйленген қазақтың қыз-жігіттері", - деді ол.
Фото: depositphotos.com
Суррогат ана қызметін пайдаланған ең үлкен тапсырыс берушілер қанша жаста?
Дамира Шоқанқызы "Болашақ" суррогат ана орталығына ата-ана атану үшін келген ер адамның жасы - 72 жаста, ал әйел - 56 жаста болғанын айтты.
Суррогат ананың гонорары
Суррогат ана орталықтары, репродуктивті медицина клиникалары, хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желіден алынған ашық деректерге сүйенсек, құрсақ аналар ерлі-зайыптыға бала туып бергені үшін:
- Әлеуметтік желі мен арнайы хабарландыру сайттарында құрсақ ана 2,5 миллионнан 9 миллион теңгеге дейін;
- Басқа елдің мамандандырылған орталығында құрсақ ана 7 миллионнан 13 миллион теңгеге дейін;
- Қазақстанның мамандандырылған орталықтарында 4,5 миллионнан 8 миллион теңгеге дейін;
- Репродуктивті медицина клиникаларында 3 миллионнан 7 миллион теңгеге дейін алады.
Айта кетейік, ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмайды. Мұның 45 пайыз жағдайында ғана жұп жасанды ұрықтандыру технологиялары арқылы дүниеге бала әкеле алады. Ал қалған 55 пайыз отбасының, өкінішке қарай, екі ғана таңдауы бар, бірі - бала асырап алу, екіншісі - суррогат ананың көмегіне жүгіну.
Еске салайық, бұған дейін кімдер суррогат ана бола алатыны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә