Ақтауда тұрғын үй құрылысына 1 миллиард теңге қаражат құйған 200-ге жуық тұрғын алданып қалған, олар баспанасыз қалуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бизнес-класс санатындағы тұрғын үй құрылысы осыдан 2 жыл бұрын басталған. Оған әр үлескер 16 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін қаржы құйған. Бірақ көп ұзамай құрылыс тоқтап қалған. Содан бері құрылыс компаниясының директорлары жиі ауысқан. Амалы таусылған тұрғындар әкімдікке жиналып, жауапты тұлғаларды тауып, тұрғын үй құрылысын аяқтатуды талап етті.
"Бұл компания бұған дейін 3-4 үйдің құрылысын уақытында аяқтап, тапсырды. Біз соған сеніп, "Сұлтан" тұрғын үй кешеніне қаражатымызды салдық. Бәріміз де көпбалалы ата-анамыз, көбіміз үй жалдап отырмыз. Компания басшысы бізді алдағанмен, әкімді алдай алмайды ғой. Сондықтан облыс басшысынан көмек сұрап келіп тұрмыз", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Қуаныш Назарханов.
Маңғыстау облысының бас мемлекеттік құрылыс инспекторы Дәурен Өтепқалидің айтуынша, бұл құрылыс заңсыз. Жері жеке меншік болғанымен, тұрғын үй құрылысын салуға рұқсаты жоқ. Сондықтан ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабына сәйкес құрылысты тоқтату талап етілген. Өз бетімен салынған құрылыс деп танылып, нысанды мәжбүрлі бұзу туралы сотқа талап арыз жолданған.
Ақтауда бұдан бөлек, заңсыз салынып жатқан тағы 22 тұрғын үйдің құрылысын бұзу туралы сотқа арыз жолданған. 11 нысанды бұзу туралы шешім шыққан. Соның екеуі апеляциялық тұрғыда күшіне енген. Демек, құрылысты сүру жұмыстары жүргізіледі.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!