- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Суретші Табылды Мұқатов...
Суретші Табылды Мұқатов өмірден озды
Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Табылды Мұқатов өмірден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Суретшінің туындылары еліміздің музейлерімен қатар Германия, Англия, Франция, Дания мен Канадағы жеке коллекцияларда болған. Атыраудағы мұражай қорында оның 8 кескіндемелік және 11 графикалық жұмысы сақтаулы тұр.
Суртеші Табылды туындыларының негізгі тақырыбы - өзі туып-өскен орта, ауыл өмірі. Қарапайым шопаннан бастап, алаша тоқып отырған әйел бейнелері шынайылығымен, сыршылдығымен баурап алатындай. Онан өзге, тарихи тақырыптарға арналған шығармаларының өзі бір төбе. Әріптестерінің айтуынша, өткен ғасырдың 70-80 жылдары қазақтың сурет өнерінде қылқалам шеберлері бастаған майлы бояумен тарихи шығармалар жазу Табылдының туындыларында айқын аңғарылады.
"Ауыл құмына аунап өскен, сондықтан да ол ағамыздың жұмыстарының көбінде осы ауылдың айшықты бейнелері жақсы көрсетілген. Ол кісінің техникасына тоқталатын болсақ, детальмен жұмыс жасағаннан гөрі, бұл кісіде ірі "мазок" өте көп. Ірі, тұтас композициялары мықты, этюдтік реңк деп айтады ғой, батыл жұмысы өте көп", - дейді Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі Темірбек Мұқтар.
Мұқатов Табылды 1947 жылы Атырау обылсына қарасты Орпа ауылында, "Нарын" құмында өмірге келген. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі. 1968 жылы Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркем-сурет училищесін, 1973 жылы Украинадағы И. В. Федоров атындағы полиграфия институтын суретші-график мамандығы бойынша бітірген. Саналы өмірінің басым бөлігін сурет өнеріне арнаған өнер иесі баспа саласында кітап көркемдеу бөлімдерінде редактор-суретші қызметтерін атқарды. Ол безендірген кітаптар бүкілодақтық, халықаралық көрмелерде дипломмен марапатталған.
"Табылды Мұқат Алматы қаласында тұрса да, туған жерімен ешқашан байланысын үзген жоқ. Соңғы үлкен "Құм жазуы" тақырыбымен өткен шығармашылық көрмесі 2018 жылы Атырау облыстық Шаймардан Сариев өнер музейі ұжымының ұйымдастыруымен өткізілді. Бұл көрмеге Табылды ағамыз үлкен жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен келді. Әлі күнге дейін Табылды Мұқаттың шығармалары музей қорында сақтаулы тұр. Сондай-ақ суретшінің туындылары еліміздің музейлерімен қатар Германия, Англия, Франция, Дания, Канада секілді елдерде жеке коллекцияларда. Атыраудағы музей қорында 8 кескіндемелік, 11 графикалық жұмысы сақталған", - деді Ш. Сариев атындағы облыстық өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек