WhatsApp-та кибералаяқтар SMALL супермаркеттер желісі атынан "ақшалай сыйлықтар таратып" жатыр. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Хабарламаға тіркелген ұтыс ойынына шақыратын сілтеме супермаркеттер желісінің ресми сайтына емес, үшінші тарап ресурсына апарады. Онда адамдарға сауалнамадан өтіп, "Рамазан айына" орай сыйлықтар алу ұсынылған.
Шын мәнінде, SMALL-дың бұл сайтқа да, сауалнамаға да қатысы жоқ. Бұл туралы супермаркет желісінің Instagram-дағы ресми парақшасында жазылған.
"Назар аударыңыз! Желіде Рамазан айына орай 100 000 теңге ұсынатын алаяқ сайт пайда болды. Барлық акция мен жаңалық туралы small.kz ресми сайтында және әлеуметтік желілерде ғана хабарланады. Мұқият болыңыз, алаяқтардың айла-амалдарына түспеңіздер", – делінген хабарламада.
Мұндай сауалнамалар - алаяқтардың ісі. Осылайша, олар қолданушылардың деректерін жинайды, олардың төлем картасы туралы ақпаратты, жеке аккаунттардың, электрон пошта мен басқа ресурстардың логиндері мен парольдерін иемденеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!