“Сұмдық көрініске үш жасар қыз куә болған“. Атырауда төрт баланың анасы кісі қолынан қаза тапты

Атырауда төрт баланың анасы өз үйінде аяусыз өлтірілген. Күдікті - марқұмның азаматтық некедегі жұбайы. Бұл сұмдыққа олардың үш жасар қызы куә болған. Тіпті ол қанжоса болған анасының сүйегінің жанында ұйықтап қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, ер адам 42 жастағы әйелді үш жастан асқан қызының көзінше аяусыз пышақтап өлтірген. Ең сорақысы, бүлдіршін қансыраған анасының жанында бір тәулікке жуық жалғыз қалған.

"Әйелдің азаматтық некедегі жолдасы оқиға орнынан қашып кеткен. Марқұм төрт баланың анасы болған. 38 жастағы күдіктімен алты жыл отасқан. Екі қызы тұрмыста, екі қызы анасымен бірге тұрған. Шағын дүкенді кәсіп етіп отырған", - деп жазылған арна мәліметінде.

Марқұмның анасының айтуынша, күдікті 28 жерден пышақ салған. Тіпті кеңірдегін тіліп жіберген. Туыстарының сөзінше, күйеу баласы бұған дейін де отбасының шырқын бұзып, қызы бірнеше рет полиция шақырған. 

Полицейлер күдікті ұсталғанын, қылмыстық іс жүріп жатқанын хабарлады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!