Салтанат Нүкенова өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман оқырмандарының сұрақтарына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқырмандарының бірі Назым Қахарманнан Қуандық Бишімбаев қамалған түрмеге бұрынғы күйеуін көруге бара ма? деген сұрақ қойды.
"Балаларға да, маған да аса қауіпті қылмыскерлер отырған түрмеге барып қажеті не? Олар сол жерден өз дамуына пайдалы әрі жақсы нәрсе таппайтыны анық. Тек зияны тиіп кетер. Алғашында да балалар оны көруге түрмеге барғысы келмейтін. Сұмдық жер", – деп жазды Назым Қаһарман.
Сондай-ақ, оқырымандарының бірі Назым Қахарманның Байжановқа деген көзқарасы қандай екенін сұрады.
"Байжановтан көңілім қалды. Жалпы биыл көп адамнан көңілім қалды. Көп жыл бойы жақсы адамдар деп ойлап жүрдім, сөйтсем, олай емес екен. Ондай да болады. Жаңа тәжірибе болды!" - деп жазған ол.
Еске салайық, 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев жақында колонияға жеткізілген болатын.
"Сотталушы сот үкімі бойынша қатаң режимдегі мекемеге ауыстырылды. Сонымен қатар, қылмыстық-атқару кодексінің 88 - бабына сәйкес сотталғандар тіркеуге сәйкес жазасын өтеу орындарына жіберілетінін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Кодекске сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев колонияда қандай жұмыс істей алатынын айтқан еді.
"Біріншіден, Бишімбаев әлі тергеу изоляторында. Екіншіден, оның жұмыс істеуіне қатысты: өндірістік аймақтарда түрлі жұмыс бар. Ол "Еңбек" Республикалық мемлекеттік кәсіпорында мысалы ағаш, металл өңдеу саласына жұмысқа орналаса алады. Қай жерде бос орын болса сол жерге бара алады. Бұл мәселені жұмыспен қамту бөлімі шешеді, келгеннен кейін 15 күн карантинде болады. Біз оны зерттейміз, одан әрі тәрбие жұмысы жүргізіледі. Психологтар басқа тұтқындармен жұмыс істейтін болады", - дейді Жәнібеков.
Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін айыпталған Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған болатын. Ал қылмысты жасырып қалған інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз