Танымал әнші, блогер Қарлығаш Сұлтанша "Мотор келін" атты кітабында өміріндегі қиын сәттер туралы айтқан. Сондай-ақ, әнші 18 жасында суицид әрекетіне барғанын жазған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі бәрі көліктің жырынан басталғанын айтады.
"Кішкентайымнан көлік айдауға әуес болдым. Анам тура 18-ге толған күні су жаңа автокөлік алып беремін деп уәде берген. "Көліктің алдында отырамын. Сен рөлде боласың. Мені қыдыртасың" дейтін. Көлікті дәлме-дәл сол күні әпере салады деп қабылдаппын. Әпермеді. Сонша күткенім бола қоймады деп сірке суын іштім. Таңдайым, асқазаным ашып кетті. Әкем жүйткіп жүріп ауруханаға апарды. Психологияда "тұңғыш бала" синдромы бар. Үйдің үлкені болып өскен балалар ата-ана рөліне кіріп кетеді. Өйткені бірінші баладан кейін екіншісі, үшіншісі туылады. Сәйкесінше үлкеніне жауапкершілік көп артылады: кішкентайға қарасады, үй тірлігіне араласады. Содан болар ержеткенде де олар өздеріне тым қатаң талап қояды. Сол сияқты мен "үйдің кенжесі" синдромымен ауырдым. Әке-шешем бетімнен қақпай тәрбиеледі. Қалағанымның бәрін алып берді. Ой-пікіріме құлақ асты. Еркелігімді көтере білді. Әрдайым қолдау танытты. Қазір соның жемісін жеп жүрмін. Себебі ата-анасына еркелеген балалар өмірге еркелей алады. Бірақ сол еркеліктің бұлыңғыр тұсы да бар", - деп жазған ол.
Ал кейін ол ауруханада өмірлік жарын тағы бір мәрте кездестірген. Бұл жолы әнші қатты таңғалыпты.
"Тым ерке болып өскен балалар кез келген нәрсеге тым тез қол жеткізгісі келеді. Сәл кедергі пайда болса, олар жақындарының басына әңгіртаяқ ойнатады. Суицид жасауыма шектен шыққан осы еркелігім себеп болды. Қарап тұрсаңыз, менікі - ақымақтық! ...Дәрігерлер асқазанымды жуды. Сол ауруханада Қуаныш та жатыр екен. Бұл біздің үш жылдан кейінгі алғаш кездесуіміз. Мен ол кезде Түркістандағы қазақ-түрік университетінің 1-курс студентімін. ...Осылайша ауруханада жолымыз қайта түйіскенде таңдандым. Негізі аузымыздан шыққан сөзге маңыздылық бермейміз. Қуаныштың дегені болды. Түбінде мені жар қылды", - дейді Қарлығаш.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!