Суицид жасау дерегі жиіледі: ата-ана баланы қауіпті ойындардан қалай қорғай алады?

Алматыда қыркүйек айында болған балалар суицидінің бірнеше жағдайынан соң әлеуметтік желілерде қайғылы оқиғалардың мүмкін себептері белсенді талқыға түсті. Көпшілік адам балалар ойындардың қауіпті тапсырмаларын орындайтындарын жазды. Schoolboy Runaway ойыны жайлы не білу керек? Ол балаларға жағымсыз әсер етуі мүмкін бе? Қазақстанда қауіпті ойындарды анықтаумен және жоюмен кімдер айналысады? Толығырақ Massaget.kz тілшісінің материалында.

Еске салайық, қыркүйекте Алматыда 9-қабаттан екі оқушы секіріп, мерт болды. Жағаұстатарлық жайт Жамбыл көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында болды. Көпшілік адам оқушылар қауіпті ойындардың тапсырмаларын орындап, биіктіктен секіретіні жайлы ақпарат тарады. Алайда полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Алматыда өзіне қол жұмсаған екі жасөспірімге қатысты олардың телефондарына тексеру жүргізді, суицид ойынына қатысу фактісі анықталмады. Қазіргі таңда өшірілген хат алмасулар мен қолданбаларды қалпына келтіру үшін телефонға қосымша зерттеу жүргізіліп жатыр", – деп жазылған ІІМ хабарламасында.

Одан кейін Алматыда 12 жастағы қыз 13-қабаттан секіріп кетті. Оқушы қыз "Синий кит" ойынын ойнады деген ақпарат тарады. Алайда полицейлер оны да жоққа шығарды.

Содан соң Алматыда ҰҚК Шекара академиясының курсанты қаза тапқаны хабарланды. Ол Достық даңғылындағы көпқабатты үйден секіргені туралы ақпарат пайда болды. Кейінірек Almaty Management University-нің студенті қаза тапты. 

Ал Бас прокурор Берік Асылов кейінгі кезде жиілеп кеткен суицид мәселесіне қатысты пікір білдіріп, 15 мың сайт бұғатталғанын мәлімдеді.

Биыл мектеп оқушыларының арасында Schoolboy Runaway деп аталатын ойын кең тарады. Бұл ойында ойыншы үйден қашып кетуі керек. Бұл көпшілік ересекті алаңдатып отыр, себебі ата-аналардың ойынша ол балаларды жаман нәрселерге үйретуі, тіпті суицидке итермелеуі мүмкін. 

Schoolboy Runaway ойыны не туралы?

Ресейлік Schoolboy Runaway ойыны әсіресе 2024 жылы танымалдылыққа ие болды. Ойын сюжеті бойынша мектептен нашар баға алып келген баланы ата-анасы үйге қамап қояды. Бала ата-анасынан қашып кетуі керек. Ойыншы осы баланың рөлін ойнайды.

Ойыншы кейіпкер тұратын үйді толық көре алады. Мысалы, ата-анасы кешкі асқа не пісіріп жатқанын көруі, шкаф сөресінен олардың той суреттерін тауып алуы мүмкін. Сондай-ақ көшені, итті көре алады. Үйден қашып шығу оңай емес, себебі кейіпкерді ересектер немесе үй жануарлары байқап қалуы мүмкін.

Ойыншы қашудың түрлі жолын байқап көре алады. Мысалы, терезеден секіріп шығуына немесе кілтті тауып алып, есік арқылы шығуына болады. Алайда егер ол ұсталып қалса, ата-анасы оны бетінен шапалақпен ұрады, отырып-тұрғызады, үйді айналдырып жүргізеді, еденді жудыртады. Егер ойыншы үш рет ұсталып қалса, ойыншы бәрін басынан бастайды.

Мұндай ойындар суицидке итермелеуі мүмкін бе?

ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы және психиатр Ринат Музафаров балалардың суицид жасауына бірнеше фактор әсер ететінін айтты.

"Суицидтік әрекеттің астарында биопсихоәлеуметтік модель жатыр. Биопсихоәлеуметтік модельдің арқасында қорғаныс факторларын (жақсы денсаулық, әлеуметтік және отбасылық қолдау, көмек іздеу және проблемаларды шешу дағдылары, жеткілікті өзін-өзі бағалау және т.б.), бейімділік факторларын (генетикалық, биологиялық факторлар, психикалық бұзылыстар, бала кезде алған жарақат және т.б.) және күшейткіш факторларын (күйзелістік жағдайлар, қауіпті мінез-құлық стильдері және т.б.) ажыратуға болады", – дейді ол.

Психиатр мұндай ойындар суицидтің жалғыз себебі бола алмайтынын айтты. Оның айтуынша, қауіпті ойындар балада басқа проблемалар болған жағдайда ғана қосымша фактор ретінде әсер етуі мүмкін.

"Кез келген күшейткіш фактор (мысалы, күйзелістік жағдай) қорғаныс факторлары әлсіреген және қауіп факторлары жоғарылаған жағдайда суицид процесінің басталуына ықпал етуі мүмкін. Осылайша, суицид процесі динамикалық болып табылады және бұл факторлардың ешбіреуі суицидтің жалғыз себебі бола алмайды. Яғни ойын да баланың басқа проблемалары болған жағдайда ғана қосымша фактор бола алады", – деді Ринат Музафаров.

Маман балалармен көп сөйлесуге кеңес берді.

"Баламен көп сөйлесу керек. Тек суицид жайында емес, жалпы психикалық саулық жайлы, аурулар жайлы емес, керісінше, денсаулық жайлы және оны қатайту үшін не істеу керегі жайлы сөйлесу керек. Жасөспірімдер күйзелістік жағдайлармен өз бетінше күресе алмайды. Бұл туралы жеткілікті білікті болса, ата-ана немесе психикалық саулық саласындағы мамандар айтуы тиіс.

Суицид жасайтын адам өлгісі келмейді, ол қазіргідей өмірін сүргісі келмейді, бірақ өмірін өзгертудің басқа жолын көрмейді. Адам суицид жайлы үнемі ойламайды, оның ішкі жан дүниесінде өмір сүргісі келу мен қиналуды тоқтатудың ортасында арпалыс болады. Суицидтік ойлар мазалайтын адамда дағдарыс кезеңі пайда болады және оған дәл осы кезеңде көмек көрсетсе, қайғылы жағдайдың алдын алуға болады", – дейді психиатр.

Ринат Музафаров елімізде 150 нөмірі арқылы көмек алуға болатынын еске салды. Ол сондай-ақ Психикалық денсаулық орталығының психологтарынан немесе басқа да білікті мамандардан көмек алуға болатынын айтты.

Қазақстанда қауіпті ойындарды кімдер тексереді?

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Massaget.kz сұрауына елімізде қауіпті ойындар Кибербақылау ақпараттық жүйесінде анықталатынын айтты.

"Интернет желісінде құқыққа қайшы материалдарды анықтау, есепке алу, бағалау және бұғаттау бойынша мемлекеттік органдар жүргізетін жұмысты жүйелеу – Кибербақылау ақпараттық жүйесінде жүргізіледі.

Қазіргі уақытта Кибербақылау ақпараттық жүйесіне облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің және білім басқармаларының 60 қызметкері қосылған", – делінген хабарламада.

Комитеттің айтуынша, бұл ақпараттық жүйе ел тұрғындарының, соның ішінде балалардың лаңкестік және экстремистік сипаттағы идеологияны, порнографияны, суицидті, қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін, адамдарды қорлауды тарататын мазмұнға қол жеткізуін болдырмауға көмектеседі.

"Комитет жоғарыда аталған Қазақстан Республикасының Ішкі істер мен Мәдениет және ақпарат министрліктеріне цифрлық ойындарға мониторинг жүргізу және бұғаттау бойынша шешуші шаралар қабылдау жөнінде хат жолдады", –  деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.

Ата-аналар балалардың интернетті пайдалануын бақылау керек

2023 жылы Балаларды қорғау комитеті ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалардың цифрлық сауаттылық деңгейін анықтау үшін әлеуметтік зерттеуін жүргізген. Зерттеу барысында балалардың әлеуметтік желілерге ерте жастан тіркелетіндігі, балаларға арналған контенттердің аз болуы салдарынан ақпараттарды үлкендермен тең дәрежеде қарайтындығы анықталған. Ал ата-аналардың балалардың интернетті пайдалануын бақылауы төмен деңгейде болып шыққан.

"Цифрлық технологияларды жауапты, қауіпсіз және нәтижелі пайдалануға назар аудару мақсатында ата-аналарды "Ата-ана бақылауы" бағдарламасына қосу науқаны басталды. Ата-ана бақылауы – бұл ата-аналарға баланың қандай мазмұнды көре алатындығын басқаруға мүмкіндік беретін параметрлер тобы.

Қазіргі уақытта кез келген сұрақтардан хабардар болу үшін балалармен олардың онлайн өмірі туралы үнемі әңгімелесу маңызды. Статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, ата-аналардың 17,6%-ы ғана тыйым салынған материалдарды бұғаттау, зиянды және заңсыз контентті интернеттен сүзу құралдарын орнатқан ("Ата-ана бақылауын" пайдаланады)", – деді комитетте.

Комитет ата-аналарды PLAY MARKET және APP STORE қосымшалары арқылы қолжетімді ата-ана бақылауының қосымшаларын пайдалануға, қосылуға шақырды.

Оқи отырыңыз: Суицидке қандай балалар бейім? Психолог жауабы

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз