- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Суицид емес". ӨКМ...
"Суицид емес". ӨКМ Операторының бұрынғы директоры Руслан Шамшиевтің өліміне қатысты тың дерек шықты
ӨКМ Операторының директоры Руслан Шамшиев өз-өзіне қол жұмсамаған. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Экс-директордың өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғам белсендісі Санжар Боқаев бас прокурор мен ішкі істер министрінің атына үндеу жолдаған. Ол мәскеулік тәуелсіз сараптама нәтижесіне сүйеніп, бұл өз-өзіне қол жұмсау емес, кісі өлтіру дерегі болғанын мәлімдеген.
"Менің қолымда мәскеулік сараптаманың толық мәтіні бар, ол суицид нұсқасын жоққа шығарады, желке тұсында соққы әсерінен көгерген жер пайда болғанын, есін жоғалтқан болуы мүмкін екенін, сондай-ақ, басқа адам тұншықтырғанға ұқсайтын мойнындағы іздерді көрсетті. Трасология іздің көлденең орналасқанын, бұл асылу кезінде мүмкін емес екенін көрсетті. Сонымен қатар, мәскеулік сарапшылар қазақстандық сараптаманың жан-жақтылығына күмән келтіріп, істе көрсетілген барлық жағдайда адам өз-өзіне қол жұмсай алмайтынын дәлелдеді", - делінген жазбада.
Әлеуметтік желіден алынған сурет
Желіде мәскеулік сараптаманың үзіндісі жарияланған. Сондай-ақ, жақын арада марқұм Руслан Шамшиевтің отбасы мүшелері баспасөз мәслихатын өткізіп, істің барлық мән-жайы айтылатынын мәлімдеген.
Айта кетейік, 2021-2022 жылдары Руслан Шамшиев "ӨКМ Операторы" құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарған еді. Ал былтыр қаңтарда ол өз-өзіне қол жұмсағаны айтылды.
Еске салайық, бұған дейін ӨКМ Операторы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында адвокаттар Әлия Назарбаевадан да жауап алуды сұрағаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова