Премьер-министр Олжас Бектенов суға шомылу маусымында қай өңірлерде бала өлімі жиі тіркеліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жыл өткен сайын республикадағы су айдындарда суға кеткен адамдар саны азаймай тұр. Бұл – шамамен 200-300 адам. Оның –100-і балалар. Өкінішке қарай, биыл да бұл көрсеткіш төмендемей тұр. Жаз енді басталды. Су айдындарында қайтыс болғандардың, әсіресе, балалардың саны өсіп жатыр. Мәселен, суға шомылу маусымы басталғаннан бері 20 бала қаза тапты", - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол қай өңірлерде бала өлімі жиі тіркелетінін айтты.
"Өткен аптада елордада өзенде жүзіп өтемін деп жасөспірім қаза тапты. Қызылордада Балаларды қорғау күнінде бірден 2 бала суға кетті. Түркістан облысында суару каналында 2 бала көз жұмды. Каспий теңізінде қараусыз қалған 2 жасар бала суға батып кетті. Мұндай фактілер күн сайын тіркеліп жатыр. Тіпті, Төтенше жағдайлар министрлігінің бүгінгі ақпарында да суға батып кеткендер туралы деректер бар", - деді үкімет басшысы.
Сонымен қатар Олжас Бектенов суға шомылу маусымында оңтүстіктегі суару каналдары да қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.
"Каналардар мен арықтардың көпшілігінде қоршаулар жоқ. Осыдан бірінші кезекте балалар зардап шегеді. Әсіресе, балалардың каналдарда қаза болу жағдайлары Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында көп тіркеліп отыр. Осыған байланысты аталған әкімдіктер каналдар мен арықтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешуге тиіс", - деді ол.
Премьер-министр өңірлердегі әкімдіктерге профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.
"Жүргізілетін патрульдеу санын көбейту қажет. Полиция және ТЖМ қызметкерлері су айдындары маңында балалардың ересектердің қарауынсыз жүру фактісінің жолын кесу керек. Негізінен адамдар суға түсуге арналмаған учаскелерде суға кетіп жатады. Қазір еліміз бойынша суға түсуге арналған 708 орын бар", - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы биыл жаз ыстық болатынын ескертті.
"Биыл Қазгидромет, әсіресе елдің батысында, шығысында және оңтүстігінде жаздың ыстық болатынын болжап отыр. Осыған байланысты өзендер мен көлдерде демалушылар саны артады деген болжам бар. Бұған дайын болу керек", - деді ол.
Осыған байланысты үкімет басшысы министрліктерге тиісті тапсырма берді.
"ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мобильді бекеттер санын ұлғайтуы қажет. Кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талабын, суға батқан адамға алғашқы көмек көрсету бойынша, суға шомылуға арналған және қауіпті орындар туралы ақпаратты жұртшылықтың назарына жеткізу керек. Бұл жұмысқа Ақпарат министрлігі қосылуға тиіс", - деді Олжас Бектенов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!