- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Суға кетіп, арам...
Суға кетіп, арам өлген: Ақмола облысында ондаған ауылдың малы қырылды
Ақмола облысында тасқын судың зардабынан малынан айырылып жатқандар көп. Қатқан мұз салмағын көтермей суға батқан ондаған, тіпті жүздеген бас ірі қара мен жылқы арам өлген. Қазір өлекселер ит-құзғынға жем болып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әсіресе, Атбасар ауданында малы суға кетіп зардап шеккендердің қарасы қалың. Тұрғындардың айтуынша, аудан аумағындағы ауылдарда мал шығыны болмаған ауыл саусақпен санарлық. Алғабас, Бастау, Қаракөл, Мариновка, Сергеевка, Ақан Құрманов сияқты ауыл тұрғындары ондаған бас қой-ешкімен қатар, жылқысы мен ірі қара малы арам өлгенін айтып, шырылдап отыр. Сәуірдің алғашқы күндеріндегі бораннан кейін малы ұшты-күйлі жоғалып кеткендер де көп. Тұрғындар дабыл қаққанымен ащы жанайқайына биліктің құлақ аспағанын айтады. Жылқы асырап жаз бойы қымыз сатумен айналысатын Гейдар Әлім де отызға жуық малынан бір-ақ күнде айырылып жыларман болған.
"Менің тоғыз бас малым суға кетіп арам өлді. Өз күшімізбен Есілдің бойынан шығарып алдық. Тағы жиырма бас малды бірнеше күн бойы іздеп табанымыздан таусылдық. Әлі таппай жатырмыз. Су деңгейі әлі тартылған жоқ. Төтенше жағдай қызметіне ауыл тұрғындары бірнеше мәрте хабарласып көмек сұрадық. Тұтас ауданда төтенше жағдай қызметінде бірде бір қайық болмай шықты. Төтенше жағдайдан да, жергілікті биліктен де ешкім көмекке келмеді. Тіпті әкімдікке "бізді, мазалай бермесін! Айтыңыздаршы..." деп ұрысып тастапты. Алайда малы көп Мұқышев Темірханның 100 бас жылқысын әкімдік пен төтенше жағдай, басқа да құзырлы органдар көмекке келіп шығарып алды. Қарапайым адамдардың малы қырылып жатса да көмек қолын созған ешкім жоқ. Содан кейін хабарласып "қанша шығын болды, бізге есепке керек" деп сұрайды. Халықтың ащы жанайқайына ешқандай мән бермейді. Бұл не деген сұмдық болды?" - дейді Гейдар Әлім есімді Қаракөл ауылының тұрғыны.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұзға батқан өлекселерді тұрғындар өз күштерімен шығарып жатыр. Тұрғындар бұл мәселеде құзырлы органдардан ешқандай көмек болмағанына қапалы екенін айтқанымен жергілікті әкімдік өкілдері халықтан ешқандай арыз-шағым түспегенін айтты.
"Аудан әкімдігіне малы суға кетіп көмек сұрағандар болмады. Тек Сергеевка ауылдық округынан шаруа қожалығы жүгінді. Оның 20 бас малы суға батып арам өліпті. Тұрғындар малға жөндеп қарамайды. Бақташымен келісімшартқа отырмаған. Тиісінше, енді малын сот арқылы даулау қиынға түседі. Малына екпе егу кезінде де мал басын салық төлемес үшін түгел айтпайды. Қазір әкімдік жергілікте ауылдық әкімдер арқылы халыққа осы мәселелерді түсіндіріп, жиындар ұйымдастырып жатыр. Әркімнің жеке малы болғандықтан шығынды жабу қарастырылмаған", - дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.
Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы да суға кеткен малын айтып, көмек сұрағандар болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мал иелері мен малшылардың салдыр-салақ қарауы мал жоғалып, әрі суға кетуіне себеп болған.
"Бізде ауданда қайық жоқ. Тіпті қайықтың арнайы жасағы да жоқ. Ол үшін арнайы машықтанған мамандар болуға тиіс. Біз қайықты Көкшетаудан шақыртамыз. "Малым өзенге батып кетті ме, қарайыншы" деп қайық сұрайды. Оған қалай қайық бермекпіз? Мал боранда ықтап кетіп, басқа ауданға немесе басқа облыс аумағына да кетіп қалуы мүмкін. Бастау ауылында 100 бас малды құтқарып алдық. Бұл - жылда қайталанатын жағдай. Тұрғындарға малды далаға шығармай үйде ұстау қажет екені ескертіліп айтылған. Бірақ соған қарамастан күн көзі шыққан соң малын сыртқа айдап шыққан. Салдарынан осындай жағдай болып жатыр", - дейді Атбасар ауданы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ерболат Әшкенов.
Ондаған малды тұрғындар трактормен сүйреп шығарып, жүк көліктерімен қоқысқа төгуге мәжбүр болған.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz