Суға кететін қаражат: 100 млрд теңгенің сұрауы қайда?

Суға кететін қаражат: 100 млрд теңгенің сұрауы қайда?
Фото: depositphoto

Су министрлігінің су жаңа жоспарының құны - 100 млрд теңге. Дәл осы көлемдегі қаражатты аталған ведомство елдің су шаруашылығын дамытуға жұмсамақ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Massaget.kz редакциясының сұрауы бойынша құзырлы орган көлемді қаражаттың қайда және қалай жұмсалатынына есеп берді.

Алдағы 6 жылға арналған су ресурсын басқару жүйесін дамытудың бағдарламасында 5000 іс-шара қамтылып отыр. Оның ішінде жаңа 79 су қоймасы салынатыны айтылған. Бұл жобалар арқылы тасымалдау шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға, суармалы жерлердің ауданын 2,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік тумақ.

Министрліктің мәліметі бойынша аталған жоспарға қаржылдандыру республикалық және жергілікті бюджеттен және қосымша қаржыландыру көздерінен іске асады.

Алдағы 5 жылда су саласында 1700 маман қажет болады

Қазақстанда су ресурстарын басқару енді жолға қойылып келеді. Сондықтан бұл бағытта мамандар даярлау ісі өзекті болып отыр. Белгілі болғандай, су шаруашылығы саласындағы штат саны 11 070. Ал қазір қызмет етіп жүрген мамандар саны 9862 адам. Егер алдағы  4-5 жылда су шаруашылығы саласында мекемелер ашылатын болса, 1700-дей маман қажет болады. Оның ішінде инженер-гидротехник, инженер-жобалаушы, су реттеуші мамандықтары сұранысқа ие. Жұмысшы мамандықтарынан слесарь жөндеуші, ысырманы жөндеу шебері, сорғы стансалары шебері, механикалық құралдардың монтажнигі сияқты мамандықтар жетіспейді.

Кадр мәселесі қалай шешіледі?

Былтыр су шаруашылығы мамандықтары бойынша 266 студент грантқа түссе, биыл 523 түлек мемлекет есебінен тегін білім алып отыр. Алдағы жылдары бұл бағытта грант санын арттыру жоспарланған. Бұған қоса, "Болашақ" бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған "Гидрогеология", "Су ресурстары және су қауіпсіздігі" секілді су саласының мамандықтары қосылды. Биылдан бастап қазақстандық студенттер аталған мамандықтар бойынша шетелде білім алуды бастады.

Мамандар шетелдіктерден тәжірибе жинайды

Құжатта су саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру да көзделген. Мысалы, 2024 жыл - 450 адам, 2025 жыл - 400 адам, 2026 жыл - 400 адам, 2027 жыл - 400 адам, 2028 жыл - 400 адам, 2029 жыл - 400 адам, 2030 жыл - 400 адам біліктілігін арттыру курстарынан өтпек.

Бұдан бөлек, Қытайдың Power China, француздың OiEau компанияларымен мамандардың кәсібилігін арттыру бойынша келісімге қол қойылған. ЮНЕСКО жанындағы Нидерландтың IHE Delft су білімі институтымен де уағдаластық орнаған.

757 жаңа техника сатып алынады

Су шаруашылығын дамыту үшін бөлінген қаражаттың ішінде "Қазсушар" филиалдарына 757 жаңа техника мен арнайы жабдық сатып алу жоспарланған. Оның ішінде шынжыр табанды техника, эксковаторлар, ауыр жүк көліктері мен тракторлар бар. Бұдан бөлек, жаңадан 8 жер снаряд алынады. Бұл су қоймасының түбін түрлі шөгінділерден тазарту үшін керек. Алдағы бірнеше жылда су шаруашылығы техникаларының 65-70%-ын жаңарту жоспарланып отыр.

Мамандардың жалақысы өседі

Су саласындағы мамандардың жалақысын көтеру мәселесі алдағы 6 жылға арналған су ресурсын басқару жүйесін дамыту бағдарламасында қарастырылмаған. Бірақ табиғи монополия туралы заңнама бойынша сала мамандарының айлығын көтеру жыл сайын жоспарланып отыр. Биыл су шаруашылығындағы мамандардың орта есеппен айлығы 25%-ға көтерілген.

Кешенді жоспарда не айтылған?

Су ресурсын басқарумен қатар 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарға да жоғарыда атаған 100 млрд теңгенің біраз бөлігі қарастырылып отыр. Екінші жобада 17 облыста 160 іс-шара өтпек. Онда су шығынын азайту, тасқын суларды жинақтау, сондай-ақ су қоймаларын жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Қазақстан қандай мемлекеттерден су алып отыр? 

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған бір жылдан астам уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылды деген сауалдың туындауы заңдылық. Соның ішінде Ақтөбе облысының Ақтөбе су қоймасы және Индер ауданының Ақсай каналын реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы Төле би ауданының Кемеқалған ауылдық округінде "Қарақуыс" су қоймасы салынды.  

Сонымен қатар Су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайды.

Айта кетерлігі, көршілес мемлекеттермен трансшекаралық су айдындарын пайдалануға қатысты келісім бойынша биыл елімізге Өзбекстаннан 4 млрд текше метрден астам, Тәжікстаннан 488,6 млн текше метр, Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келді.  

Айта кетерлігі, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда Су ресурстары және ирригация министрлігіне 137 млрд теңге бөлінді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елімізде өзендердің тартылғанын және су шаруашылығы саясатында көрші елдермен байланыс орнату маңызды екенін айтқан болатынбыз. 

Сонымен қатар біздің бірқатар өңірде әсіресе Маңғыстау облысының тұрғындары ұзақ уақыттан бері ауыз су тапшылығынан зардап шеккенін хабарладық. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

E. Aitkazina