АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Колумбия Университетінің ғалымдары су негізінде жұмыс істейтін қозғалтқыш құрастырды. Бұл альтернативті энергия, яғни буланудан қуат алудың жолы болмақ.
"Су белгілі бір температурада буға айналады. Мысалы, бір заттың бетін суландырсаңыз, ол біршама уақыттан кейін кеуіп кетеді. Бұл табиғи процесс. Ал біздің мақсатымыз осы үдерісті пайдаға асыру болып табылады", - дейді зерттеу жобасының жетекшісі Озгур Шахин (Ozgur Sahin) The Guardian басылымымен болған сұқбат кезінде. Шахиннің айтуынша, мұндай аппаратты құрастыру көп қаржыны талап етпейді. Себебі оның негізгі ресурсы қарапайым су болып отыр.
Зерттеудің алғышарттары Шахиннің өткен жылғы зерттеулерінде белгілі бола бастаған. Америкалық ғалымдар Hygroscopically Driven Artificial Muscles («HYDRA») атауына ие болған аппаратты тәжірибе жүзінде сынап көрді. Сынақ барысында су қозғалтқышы жарық диодты лампаны жағуға жеткілікті энергияны өндіре алды. Болашақта жаңа типтегі қозғалтқыштарды көлік жүргізуге бейімдеу жоспарланған.
Зерттеу жұмысының толық нұсқасы Nature Communications ғылыми журналында жарыққа шықты.