- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Суданнан Қазақстан азаматтары...
Суданнан Қазақстан азаматтары эвакуацияланып жатыр
Судандағы жағдай шиеленісіп тұр. 15 сәуірде Суданның ұлттық қорғаныс күштері мен жедел әрекет ету күштері арасында қарулы қақтығыс басталған. Қазір Хартум қаласында және елдің басқа аймақтарында соғыс қимылдары жалғасып, қақтығыс тараптары жариялаған үш күндік гуманитарлық бітім қайта-қайта бұзылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, Судандағы соғыс қимылдары басталған сәттен бастап Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы елшілігі қазақстандық азаматтарды қақтығыс аймағынан эвакуациялау мәселесін барынша пысықтауға кіріскен.
"Эфиопияда тіркелген бірқатар елшілік пен халықаралық ұйымның өкілдерімен кездесулер өткізіліп, оларға Қазақстан Республикасының азаматтарын Суданнан эвакуациялауға көмектесу үшін ресми өтініштер жіберілді. Бүгінгі таңда Қазақстанның бірқатар азаматы қақтығыс аймағынан эвакуацияланды. Қазақстан азаматтарын Эфиопия мен Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағы арқылы эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
Сыртқы істер министрлігі Эфиопиядағы ҚР елшілігі азаматтарымызды Суданнан келісілген және қауіпсіз шығару үшін Мысырдағы және Сауд Арабиядағы ҚР дипломатиялық өкілдіктерімен тығыз байланыста екені хабарлады.
ҚР азаматтарының нақты санын анықтау және оларға Суданнан эвакуациялауға жәрдем көрсету үшін елшілік жанынан жедел желі ашылды: +251 945 051 624 (WhatsApp), kazembethiopia@gmail.com, kazembethiopia@mfa.kz.
Елшілік Эфиопия сыртқы істер министрлігіне, БҰҰ-ның Судан мен Эфиопиядағы бөлімшелеріне, сондай-ақ Түркия, Ресей және Жапония елшіліктеріне Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға белсенді көмектесіп жатқаны үшін алғыс білдірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан