Судандық жолаушы 41 күннен бері Ыстамбұл халықаралық әуежайынан шыға алмай жүр. Ол Түркия кіре де алмай, өз еліне қайта да алмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Havasosyalmedya түрік азаматтық авиация платформасына сілтеме жасап.
Суданнан ұшып шыққан жолаушы Ыстамбұл арқылы Дамаскке бармақ болған. Алайда Сирия бағытындағы рейстер тоқтатылғандықтан, ол әуежайда қалып қойған. Ол шекарадан өту талаптарына сай келмейтін болған соң, Түркияға кіре алмайды. Ал өз еліне қайту үшін жаңа билет сатып алуға қаражаты жоқ.
Түркияға не себепті кіргізілмегені нақты айтылмаған.
Havasosyalmedya мәліметінше, Түркияның көші-қон басқармасы бұл азаматты "инад" санатына қоспаған, яғни оны келген еліне қайтару процедурасын бастамаған. Ал рейсті орындаған әуе компаниясы оны кері қабылдаудан бас тартқан.
Кейін журналистер Түркияның көші-қон қызметі ер адаммен байланыс орнатқанын айтты.
"Біз оқиғаның жалғасын бақылап отырамыз. Өкініштісі, бұл адамға 41 күн бойы ешқандай көмек берілмеген, шаралар жарияланымнан кейін ғана қабылданды", – деп жазды басылым.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек