Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берумен айналысатын дербес банк құруды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Субсидияға қарағанда жеңілдетілген несие беру механизміне көшуіміз керек. Кәсіпкерлерді субсидиялау саласында жемқорлық қауіптері көп және көріп отырғанымыздай, ол өз нәтижесін бермей жатады. Бұл бұрыннан қордаланып келе жатқан мәселе. Банктерге ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруді қарастыру керек.
Парламент депутаттары елімізде Агробанк құру мәселесін көтеріп жүр, яғни ауыл шаруашылығына бағытталған арнайы банк қажет. Мен де бұл идеяны қолдаймын. Осы механизмдерді пайдаланып, субсидияны кезең-кезеңімен азайту керек. Бірақ субсидияны түпкілікті алып тастауға болмайды, себебі бүкіл әлем ауыл шаруашылығын субсидия арқылы қаржыландырып отыр. Мәселе саланың дұрыс таңдалуы мен бақылау тетіктерінің заң аясында жұмыс атқаруы", - деп пікір білдірді Еділ Жаңбыршин.
Айта кетейік, бүгінгі Жолдауда Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп саласындағы мәліметтерді бұрмалау саладағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отырғанын айтты. Президенттің сөзінше, арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз