Су үйлердің шатырына дейін жетті: Иванков ауылының тұрғындары жанайқайын жеткізді

Бұланды ауданына қарасты Иванков ауылында ауыл тұтастай су құрсауында қалды. Ағын су онсыз да апаттық жағдайдағы гидротехникалық құрылымды бұзып өтіп елдімекенді басып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жетпістен астам үй түтін түтетенін Иванков ауылында қазір 200-ге жуық халық бар.  Ауыл Степная және Нижняя дейтін екі көшеден ғана тұрады. Тұрғындардың айтуынша, халықтың басым бөлігі тұратын Нижняя көшесі су тасқыны кезінде толықтай су астында қалған. Тұрғындардың айтуынша су тасқынының аса қатты болуына Иванков ауылындағы гидротехникалық құрылымның апатты жағдайда болуы себепкер болған. Тозған бөгенге мүлде күрделі жөндеу жасалмаған. Үйлері су астында қалған тұрғындар болған шығынды өтелмей қала ма деп қауіптенеді. Өйткені, үйлер толықтай суда тұрғандықтан құрылған комиссия оған келе де алмайтынын айтады. 

"Тасқын судың ауылдың үйлерін тұтастай басып қалуына апаттық жағдайдағы плотинаның бұзылуы себеп болды. Жеті жылдан бері апаттық жағдайдағы бөгеннің жөндеуін сұрадық. Осылай болатынын білдік қой. Әбден тозығы жеткен гидротехникалық құрылымның биылғы көктемге шыдамайтынын жергілікті билікке айтудай-ақ айттық. Бірақ құлақ асқан ешкім болмады. Жергілікті билік бір-екі жерден экскаватормен платинаны қазған болған. Бірақ оның тереңдігі аса таяз болды соңына дейін жеткізбеді. Біздің үйлеріміз Степная көшесі сәл қырда орналасқан. Ал халықтың басым көпшілігі тұратын Нижняя көшесіндегі тұрғын үйлердің бәрін яғни қырықтан астам үй түгелдей су астында қалды. Таңға жуық судың деңгейі көтерілгені соншалық су кейбір үйлердің шатырына дейін жетті. Үйлері тұруға мүлдем жарамсыз. Тұрғындар кейбіреуі қорасындағы малын айдап шығарып үлгергендер болды. Бірақ көпшілігінің сиыры, шошқасы, ұсақ қой-ешкісі мен құстары суға ағып кетті. Шығын мөлшері орасан көп. Ауылды су таңғы төрт-бестер шамасында басып қалғанымен төтенше жағдай құтқарушылары тек су деңгейі біршама төмендеген таңғы ондар шамасында ғана келді. Суда қалған тұрғындарды, аман қалған малды өзімізге әкеліп көмек беріп жатырмыз. Үлкен кісілер болмаса 30-40 жасқа дейінгі адамдар ауылда қалды. Степная көшесіндегі біздер төтенше жағдай құтқарушылары тікұшақпен құтқарып, Макинск қаласына алып кетті. Бүгін ауыл әкімі ата-анама шығынның өтелмейтінін өтелсе тек 180 мың теңге ғана сома берілуі мүмкін екенін айтты. Аудан әкімдігі төтенше жағдай жариялағысы келмей жатқанын естідік", - дейді жыларман халде елдің жағдайын жеткізген Наталья Улинич есімді ауыл тұрғыны. 

Иванков ауыл тұрғындарынан

Облыстың төтенше жағдайлар департаменті ауылды су басуының басқа нұсқасын жеткізді. Ведомствоның мәліметінше ауылды су басуына Жолболды өзеніне еріген қар суынан көбеюі себеп болған. 

"Егістіктерден еріген сулардың көп мөлшерде ауылға қарай ағуы сондай-ақ Жолболды өзенінің арнасынан тасып төгілуінің салдарынан Иванковка ауылында 45 тұрғын үй су астында қалды. Автомобиль қатынасының болмауына байланысты эвакуациялау мүмкін болмады. Қорғаныс Істер Министрлігінің МИ - 8 тікұшағымен және жоғары өту машинасы (Трэкол) арқылы жақын елді мекендерге 52 адам, оның ішінде 21 бала Макинск қаласындағы эвакуациялау пункті - №4 мектеп гимназиясына эвакуацияланды. Медициналық көмекті қажет етпеді. Сондай-ақ 100 бас ІҚМ, 11 жылқы, 50 шошқа және 520 үй құстары қауіпсіз жерге айдалды", - деді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. 

Иванков ауыл тұрғындарынан

Бірнеше ауыл тасқын судың астында қалғандықтан ауданда не себепті төтенше жағдай жарияланбағанын білмек мақсатында аудан әкімі Ардақ Смайловпен тілдестік. Аудан әкімі қазіргі уақытта құзырлы органдардың бәрі су тасқынынан зардап шеккен үйлердің жалпы саны, олардың жағдайы туралы мәлімет жинап жатқанын соның қорытындысы бойынша шешім шығарылатынын жеткізді. 

"Иә, ауданда бірнеше елдімекендер суда қалғаны рас. Дегенмен біз халықпен бірге су тасқыны жағдайымен барынша күрес жүргізіп жатырмыз. Дәл қазір Иванков ауылына бара жатырмын. Құзырлы органдардың бәріне шығын көлемін анықтау, қанша адамның үйлері, дүние-мүлкі мен малы жапа шеккені жөнінде нақты мәлімет алуға тапсырма жүктелді. Бүгін екі сағаттан кейін жиын өткізілмек. Барлығы комиссиялық тұрғыда тексеріліп су тасқынынан болған шығын анықталады. Бұдан облыстық әкімдік, төтенше жағдай қызметі, прокуратура сияқты барлық органдар хабардар. Егер шығын көлемі аса жоғары болса төтенше жағдай жарияланады. Бәрі толықтай бақылауға алынған", - деді Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайлов. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!