Мәжіліс депутаттары Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен фермелердің ауыл шаруашығылын дамыту үшін алған несиесін 3 жылға шегеруге ұсыныс жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
"Қазір еліміздің тең жартысы қарғын судың астында қалды. Жылдағы әдет. Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. "Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз" делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ. Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты су басқан өңірлерге барып, мән-жайға тікелей қанықтық.
Тұрғындармен кездесіп, нақты ахуалмен таныстық. Алдағы уақытта да аталған өңірлерге тағы да барып, жағдайды бақылауда ұстаймыз. Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдармен ғана күресіп келеміз", - деді депутат Мақсат Толықбай.
Ол мәселенің негізгі себебіне тоқталды.
"Біріншіден, топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Ал еліміздегі кейбір аудандарда дайын тұруға тиіс қайық пен резеңке етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ.
Екіншіден, су саласында білікті маман тапшы. Бір ғана болжаммен ешнәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік. Яғни ғалымдарға жағдай жасалмай, ешнәрсе түзелмейді деген сөз.
Үшіншіден, біз кеше Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайттық", - деді депутат.
Мақсат Толықбай жұртты толғандыратын тағы бірқатар мәселені атап өтті.
"Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек.
Биылғы тасқынның беті қатты. Төтеннен келген топанға ешкім бей-жай қарап отырған жоқ. Кейбір әріптестеріміз әлі де сол су басқан аймақтарда жүр... Алайда қауіптің басы қайтты деуге әлі ерте. Алда СҚО, Павлодар, ШҚО тұр. Алтайда қар енді ери бастады. Марқакөл мен Катонқарағайда 2 метр қар жатқанын қаперден шығармаңыздар! Торғай даласын көрдіңіздер. Ел қатынайтын жалғыз күрежолды су алды. Тікұшақ пен үлкен техникалар ғана жүре алады. Сондықтан осы өңірлерді қажетті азық-түлік, дәрі-дермек, жем-шөп қорымен қамтамасыз етуді жіті назарда ұстау керек", - деді депутат.
Сондай-ақ ол Үкіметке келесі ұсыныстарды жолдады:
1) Қазақстандағы барлық өзен жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;
2) Ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;
3) Өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;
4) Гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу;
5) Биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауыл шаруашылық несиесін төлеуді 3 жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз