Су тасқынынан зардап шеккен мұғалімдердің тізімі жасалады

Су тасқынынан зардап шеккен мұғалімдердің тізімі жасалады
Фото: depositphotos.com

Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен мұғалімдердің тізімі жасалатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жаңа оқу жылында барлық педагог пен мектептің оқу процесіне дайын болуы үшін министрлік төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін уәкілетті органдармен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен педагогтердің тізімін жасайды", - деді Мереке Амангелдіқызы ОКҚ-де өткен брифингте.

Бірақ ресми өкіл тізімдегі ұстаздарға қандай көмек көрсетілетінін нақтыламады.

Сондай-ақ су тасқыны болып жатқан Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы
мұғалімдерді атестаттаудан өткізу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды.

"Еліміздің 42 мектебінде білім алушылардың жетістіктерін бағалау мониторингі жүргізілмейді. Ақтөбе және Атырау облыстарындағы барлық білім алушысы үшін БЖБ мен ТЖБ өткізілмейді. Атап өту керек, әрбір жағдай бойынша шешім жергілікті атқарушы органдар мен Оқу-ағарту министрлігінің хаттамасы негізінде қабылданады", - деді ол.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz