Су тасқынынан кейін халықтың уайымы күшейді. Олардың сөзінше, көшелерде орналасқан дәретханаларды су басқан, оған қоса бейіттер мен мал қорымдарын да су шайып кеткен. Тіпті Құлсары қаласында молаларды су шаюына байланысты мүрде жер үстіне шығып қалған деген ақпарат та тарады.
Massaget.kz тілшісі қазақстандық сарапшылармен сөйлесіп, су тасқынының қандай зардабы болатынын анықтауға тырысты.
"Моланы су шайғаннан кейін мүрде жер бетіне шыққан болуы мүмкін"
9 сәуірде Құлсары қаласында бір адамның мүрдесі табылды. Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, табылған мүрденің тасқын су кезінде жоғалып кеткен адамдарға қатысы жоқ.
"Тасқын су мәйіттерді де шайып кетіп, Құлсары қаласында мүрде табылды", - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
ТЖД құтқарушылары Құлсары қаласы "Рамазан" дүкені тұсынан ер адамның мүрдесін тауып, полиция қызметкерлеріне тапсырған.
Ал Жедел штаб мәліметіне сүйенсек, Жылыой ауданындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты деген ақпарат таратты.
"Су тасқыны басталғаннан бері Жылыойда жұқпалы аурулар ішек инфекциясы, вирустық гепатит, іш сүзегі, паратиф, аса қауіпті инфекция ретінде тіркелмеген. "Жылыой СУ" ЖШС Құлсары және Аққиизтоғай нысандарының су құбыры желілеріне (су басқан) дезинфекция жүргізді. 5 көппәтерлі тұрғын үйде, 25 кіреберісте, 5 аулада дезинфекция жүргізілді", - деді ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, эпизоотиялық жағдай да тұрақты екені айтылды.
"Су басқан шағынаудандарда 436 бас ірі қара мен құс, 20 ит жойылды", - деп жазылған мәліметте.
"Сібір жарасы анықталған мал қорымдары ашылып қалған"
БҚО-да сібір жарасы анықталған мал қорымдары су тасқынынан кейін ашылып қалғаны туралы да ақпарат тараған еді. Артынша ветеринария басқармасы мұны жоққа шығарды.
Ведомство өкілдері еріген қар суы қауіпті инфекциясы бар 14 жерлеу нысанын басқаны туралы ақпаратқа пікір білдірді.
"Бүгінгі таңда 13 емес, 3 қорым су астында қалды. Ал сібір жарасының қоздырғыштары еріген сумен таралу қаупі бар екені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, өйткені олардың барлығы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай, бетондалған әрі қоршалған. Қауіп жоқ", - деді Бралиев.
Ол ветеринариялық қызметтер ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес су тасқынынан өлген малды жою бойынша жұмыс істеп жатқанын және жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Ал эколог Азаматхан Әміртайдың пікірінше, су тасқынынан кейін ауру тарауы әбден мүмкін.
"Су тасқынынан кейін әртүрлі аурулар таралуы мүмкін. Эпидемия, тағы басқа. Сондықтан су тасқынының салдары өте қиын болатыны сөзсіз. Бұл мәселеде не істеу керек? Ғалымдармен әртүрлі бағытта жұмыс жүргізілуі керек. Су тасқыны болған жерлерде халықты басқа жерге көшіріп, бақылауға алуымыз керек. Басқа жолы жоқ. Зираттар, зертханалар, әртүрлі зерттеу орындарының бәрін су тасқынынан кейін су шайып кетті. Осының бәрі әсерін береді. Халық өзімен өзі емес, ғылыми институттар жұмыс істеуі керек. Мәжіліс депутаттарының бәрі сол жақта жүруі керек", - деді сарапшы.
Су тасқыны кезінде жұқпалы аурулардың алдын алу үшін не істеу керек?
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері су тасқынына байланысты халыққа бірнеше ұсыныс айтқан болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!