- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Су тасқынынан 8,2...
Су тасқынынан 8,2 мың бас мал қырылды - АШМ
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин Қазақстанда су тасқыны салдарынан 8,2 мың бас мал қырылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бүгінде залалды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссиялар су тасқыны салдарынан 8,2 мың бас мал қырылғанын растады. Жалпы мал шығының 70 пайызға жуығы – ұсақ мал. Министрліктің республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген жануарларды жинау және жою жұмысын жүргізіп жатыр. Қазір барлық малдың 97 пайызы жойылды", - деді Олжас Тілебалдин ОКҚ-да өткен брифинге.
Оның айутынша, өлген жануарларды утилизациялау ветеринариялық қызметтің ерекше бақылауында, ал шығу тегі күмәнді етті сату туралы таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
"Су басқан аймақтарда тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау үшін АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті су басқан өңірлердегі мал қорымдарына қосымша профилактикалық дезинфекциялық өңдеу жұмысын жүрзігіп жатыр", - деді ресми өкіл.
Олжас Тілебалдин республикалық штабтың хаттамасымен өлген малдың құнын өтеу алгоритмі бекітілгенін атап өтті. Өтемақыны алу үшін өтініш берушілер залалды актілеу үшін жергілікті комиссияға жүгінуі керек.
Малдар бойынша өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялайтын деректер негізінде анықталады.
"Өңірлерде өлген жануарлардың иелеріне өтемақы төленіп жатыр. Мысалы, бүгінде Қостанай облысында 780 бас малға 113,2 миллион теңге, Ақтөбе облысында 753 бас малға 98,3 миллион теңгеге өтемақы төленді. Қарағанды облысында өлген малдың шығыны толық өтелді. Батыс Қазақстан облысында өтемақыға 187,4 миллион теңге бөлінді. Өтінімдерді қабылдау рәсімі жүргізіліп жатыр. Төлем апта соңында басталады. Атырау және Ақмола облыстарында өтемақы алуға өтінімдер қабылдануда", - деді ресми өкіл.
Табиғи апат салдарынан малынан айырылған тұрғындарға өтемақыны төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де жүргізіледі.
Қосымша сұрақтар бойынша қазақстандықтар Ауыл шаруашылығы министрлігінің жедел желісіне хабарласа алады:
8 (7172) 573358 немесе 87470943381 (сағат 9:00-ден 18:30 аралығында жұмыс істейді);
Сондай-ақ Telegram-дағы pavodki_kz_bot жазуға болады (тәулік бойы жұмыс істейді).
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Есен