Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Қазақстанда су тасқыны салдарынан қайтыс болғандар жоқ екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында журналист министрдің орынбасарына "Су тасқыны салдарынан ресми түрде қанша адам қайтыс болды? Қанша адам іс-түзсіз жоғалды деп танылды?" деген сұрақ қойды.
Бауыржан Сыздықов табиғи апаттан адам өлімі тіркелмегенін жеткізді.
"Су тасуы салдарынан қайтыс болған адамдар жоқ. Алайда су көтерілген кезде, яғни Атырау және Абай облыстарында тіркелген жағдайлар бар. Қазір онымен Ішкі істер министрлігі айналысып жатыр. Ол туралы алдын ала шешім шығарып айтуға ерте. Ішкі істер министрлігі өз жауабын береді", - деді вице-министр.
Осылайша, министрдің орынбасары "су тасқыны салдарынан 7 адам қаза тапты" деген ақпаратты жоққа шығарды.
Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев елімізде су тасқынынан 7 адам көз жұмғанын растаған болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!