Су тасқынына бөлінген қаржыны жымқырғандар ұсталды

Су тасқынына бөлінген қаржыны жымқырғандар ұсталды
Фото: Massaget.kz/Нұржан Рысбеков

Су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты ұрлағандар қылмыстық жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу назарына кімдер ілікті?

Ақмола облысының арнайы прокурорлары 300 миллион теңгеден аса қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, "Престиж Строй 7" және "Фундаменталь" ЖШС-ның басшыларына қатысты соталды тергеуді аяқтады.

"Бұл қаражат 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үйлерді салуға бөлінген", - деп жазылған хабарламада.

Күдіктілердің әрекеті аса ірі көлемде жымқыру, талан-таражға салу, яғни Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды.

Айта кетейік, көрсетілген бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Екі күдіктіге сот санкциясымен күзетпен ұстау шарасы қабылданды, үшінші адам үйқамаққа алынды.

Күдіктілерден не табылды?

"Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік - Алматы, Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғылар және банк шоттарында 50 миллион теңгеден аса ақшалай қаражат табылды. Тыйым салынған мүліктің бағаланған құндылығы 335 миллион теңгеден асты", - деп жазылған хабарламада.

Прокурорлар бұл мүліктің бір бөлігі жалға берілгенін, қылмыстық жолмен пайда түскенін анықтады.

"Бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

Еске салайық, жуырда Перизат Қайрат та су тасқынына қатысты қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді.

14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа автокөлігін сатып алған. 

16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова