Су тасқынына байланысты БҚО-ға қандай қауіп бары айтылды

Су тасқынына байланысты БҚО-ға қандай қауіп бары айтылды
Фото: ТЖМ

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Ресейдегі су тасқынына байланысты Орал қаласы мен 4 ауданға су астында қалу қаупі төніп тұрғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінде облыста су тасқыны қаупі сейілген жоқ. Орал қаласы мен 12 ауданның сегізінде жағдай тұрақталды. Алайда қазір облыс орталығы мен Жайық өзенінің бойында орналасқан 4 аудан: Ақжайық, Бөрілі, Бәйтерек және Теректіге қауіп төніп тұр. Ондағы 90-нан аса елді мекенде 80 мыңнан аса адам тұрады.

Ресейдің Челябі, Орынбор облыстарынан Жайық өзеніне түсетін судан қауіп төніп тұр. Жалпы БАҚ-та Орынбор облысы Орск қаласында су тасқыны болғаны хабарланды. Ондағы су Батыс Қазақсан облысына келе жатыр", - деді Қалияр Айтмұхамбетов ОКҚ-де өткен брифингте.

Оның сөзінше, бұл өзеннің бойында Ириклин су қоймасы бар.

"Осыдан бірнеше күн бұрын бұл қоймадан 2170 текше метр су келді. Бүгінде су 1500 текше метрге дейін азайды. Бірақ бұл әлі көп болып саналады. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр жыл бойы секундына 15 текше метр су келді. Осыны ескерсек, өңірге үлкен көлемде су келе жатыр.

Оның үстіне ол су жол бойындағы Сақмара, Елек, Шыңғырлау өзендеріне құйылады. Мұндада су толып тұр. Жалпы үлкен су облыс аумағына 15-20 сәуірде келеді деп болжап отырмыз. Жайық бойындағы елді мекендерге бар күшті салып жатырмыз. Бүгінде 4 аудан мен қалада 300-ге жуық арнайы техника жұмыс істеп жатыр", - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, Қалияр Айтмұхамбетов Жайық өзенінде су деңгейінің өсуі байқалғанын жеткізді.

"Өткен тәулікте ондағы судың деңгейі 7 сантиметрге өсті. Жалпы бүгін таңертең Жайық өзеніндегі судың деңгейі 710 сантиметр болды, ал судың қауіпті деңгейі - 850 сантиметр ", - деді ол.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz