Төтенше жағдай министрлігінің өкілі Асқар Шәріп су тасқыны болған өңірлерде 35 мың қазақстандық өз үйіне оралғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде 4 өңірде су әлі тасып жатыр.
"Азаматтық қорғау қызметі Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының салдарын жою жұмысын жүргізіп, халыққа көмектесіп жатыр.
Батыс Қазақстан облысында су деңгейі тұрақталып жатыр. Су басқан өзен аумағында мониториг жүргізілуде, ал төтенше жағдайлар және полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп, су басқан аумақтарда патрульдеу жұмысын жүргізіп жатыр", - деді Асқар Шәріп ОКҚ-да өткен брифингте.
Сондай-ақ, Ақтөбе, Түркістан облыстарының ТЖД күштері Жайық өзенінің бойындағы елді мекендерде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізу үшін Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына жіберілген.
"Атырау облысы Жайық өзеніне мониторинг жүргізіліп жатыр. Мұнда судың деңгейі көтелгені байқалады. Су тасқынынан қорғау үшін Атырау қаласындағы бөгеттерді нығайту жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінде ұзындығы 240 шақырым болатын бөгеттер нығайтылып жатыр. Оған дейін көмекке келген күштер мен құралдар учаскелерде бөлініп, қажет жұмысты істеп жатыр", - деді ТЖМ өкілі.
Асқар Шәріптің айтуынша, қазір Солтүстік Қазақстан және Атырау, Ақтөбе облыстарында 6 мың 82 тұрғын үй, 2584 аулада су сорылған.
"Республика бойынша 35 122 адам өз үйіне оралды, 8 520 адам эвакуациялау пунктерінде орналастырылды. Су тасқынына қарсы 25 мыңнан аса адам, 3 мың техника, 634 су сору құралы, 268 жүзу құралы және 14 әуе кемесі жұмылдырылды", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!