- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Су тасқыны: тағы...
Су тасқыны: тағы мыңдаған отбасына жаңа баспана берілді
Су тасқынынан зардап шеккен 7 393 отбасына жаңа баспана берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккендердің тұрғынжайларын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
6 қыркүйектегі жағдай бойынша, 7 393 отбасы зақымданған мүлкінің орнына жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды, оның ішінде 5 313 үй сатып алынса, 2 080 үй салынған.
Барлық 9 147 өтініш берушіге жалпы сомасы 53,5 миллиард теңгеге тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы берілген.
Сонымен қатар 34 247 отбасына 12 627,7 млн теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Бірінші қажеттіліктегі жоғалған заттарын сатып алу үшін 9 994 млн теңгеге 21 880 отбасына 150 АЕК-ке дейінгі көлемде қосымша төлем берілді.
Еске салайық, биыл 27 наурызда елдің бірнеше өңірін су басты. Салдарынан Қазақстан үкіметі табиғи апат болған аймақтарда төтенше жағдай режимін жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат екенін айтты. Су тасқыны болған өңірлердегі тұрғындар эвакуацияланып, арнайы пункттерде бірнеше ай тұруға мәжбүр болды.
Ал сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялады. Президент өз мәлімдемесінде су тасқынына байланысты шұғыл түрде тапсырма бергенін айтты.
Артынша жағдай реттеле бастағаннан кейін су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана беріле бастады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина