Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес, елімізде 4 315 үй апатты деп танылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, 28 мамырдағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 30 538 отбасыға 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде біржолғы төлем алған.
"Негізгі тәуекелдер тұрғын үйлерді қалпына келтірумен байланысты. Сондықтан өңірлердің әкімдері бұл мәселені ерекше бақылауға алып, күнделікті негізде халықпен жұмыс жүргізіп, туындаған әрбір мәселе бойынша түсініктеме беруі қажет.
Қазір республика бойынша су тасқыны салдарынан 12 155 үй, сондай-ақ 18 321 саяжай учаскелері зардап шекті. Оның ішінде 5 353 саяжай үйлері жалғыз баспана болып саналады", - деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.
Биыл 28 мамырдағы мәліметке сәйкес, еліміз бойынша 15 093 үй мен саяжай техникалық тексеруден өткен. Бұл зардап шеккен үйлердің жалпы санының – 84 пайыз. Бағалау жұмыстан тек 11 134 үй өткен (64 пайыз).
"Осыған байланысты жекелеген өңірлерде техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының қарқынының төмендігін айта кету керек. Техникалық тексеру және бағалау жұмыстары үйлестіріліп, барлық қажет қорытындыларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұсынылуын қамтамасыз ету керек", - деді вице-премьер.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Батыс Қазақстан облысында 4 мың су басқан үйдің 54 пайыз-ы, атап айтқанда тек 2 176 үй тексеріліп, 770 үйдің құның бағалау жүргізілген. Ақтөбе облысында 3 679 үй зерттеліп, 1673 үй бағаланған (көрсеткіш – 73 пайыз).
"Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жұмысын атап өткім келеді. Бұл өңірлерде зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары аяқталған деп есептеуге болады", - деді үкімет басшысының орынбасары.
Вице-премьер тасқын салдарынан 4 мыңнан аса үй апатты деп танылғанын атап өтті.
"Алдын ала жасалған қорытындыларға сәйкес, жалпы еліміз бойынша 9 мыңнан аса үй жөндеуден өтеді, 4 315 үй апатты деп танылды. Осыған байланысты өңірлерде 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталды. Бұрын пайдалануға берілген 3417 пәтер мен үй сатып алынады деп жоспарланып отыр.
Құрылыс маусымының қысқа болуына байланысты жұмыстарды кешіктірмеу керегіне әкімдердің назарын аударғым келеді. Жаңа оқу жылына дейін зардап шеккендер баспаналы болуы қажет", - деді Қанат Бозымбаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!