Елімізде су тасқыны кезінде үйі қираған 4,7 мың отбасыға баспана берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде жалпы табиғи апаттан зардап шеккен 5 239 отбасыға арнайы салынған және сатып алынған үйлер мен пәтерлер берілген.
Баспанасы қираған 4 769 отбасыға жаңа үй мен пәтерлер берілді. Су тасқыны болған өңірлерде 2 568 үй салынып жатыр. Оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыс толық аяқталып, тұрғындарға үйдің кілті табысталды, - деп жазылған хабарламада.
Солтүстік Қазақстан облысында 285 үйдің құрылысы аяқталса, Қостанай облысында – 57, Батыс Қазақстан облысында – 80, Ақтөбе облысында – 43, Павлодар облысында 5 үй салынып, пайдалануға берілді.
Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмысы толық аяқталды.
Жалпы сомасы 49,3 миллиард теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алды. 34 216 отбасыға 12,6 миллиард теңгеге 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді.
Сондай-ақ жоғалған бірінші қажеттіліктегі бар заттарды сатып алу үшін 150 АЕК-ке (553 800 теңге) дейін қосымша төлемдер беріліп жатыр. Бүгінде 9,9 миллиард теңгеге 21 869 отбасы осындай көмек алды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар тасқыннан зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 миллиард теңге болатын ШОБ субъектілерінің 455 өтінімін қарап, мақұлдады.
Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 миллиард теңгеден асты.
Бұған дейін үкімет су тасқыны салдарын жоюға тағы 22,7 миллиард бөлгені хабарланған еді.
Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев табиғи апаттан бүлінген үйлерді қалпына келтіру үшін шамамен 260 миллиард теңге керегін айтқан.