Бүгін Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде су тасқыны кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан Рақым Бейбарыс Жалғасбайұлын еске алуға арналған жиын өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жиынға ҚР ТЖМ аппарат басшысы азаматтық қорғау полковнигі Ерғали Бахаев және департамент қызметкерлері мен марқұмның туыстары қатысты. Аталған іс-шара 1 минут үнсіздікпен қаза тапқан құтқарушыны еске алумен басталды.
Жиын барысында Ерғали Бахаев ҚР ТЖ министрі Шыңғыс Әріновтың атынан қайғырып көңіл айтып, №1 МӨСБ бөлімше командирі марқұм Бейбарыс Рақымның туыстарына "Қызметтік және азаматтық борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін" Рахымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі "Айбын" орденін табыстады. Қайтыс болған құтқарушы Президент Жарлығымен марапатталды.
"Департамент бастығы полковник Нұрлан Жаңабаев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтжан Дүйсекенов құтқарушының ерлігін атап өтіп, қаза тапқан әріптесіміз батылдықтың символы ретінде мәңгі жадымызда сақталатынын айтты", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!