Ақмола облысы Астрахан ауданында 60 жастағы гидробекет қызметкері әлі табылмай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, ол 5 сәуірде таңғы сағат 05:30-да Қалқұтан өзеніндегі су деңгейін өлшеуге шығып, содан бері хабарсыз кеткен. Іздеу жұмыстарына катер мен сүңгуірлердің екі тобы тартылған.
Биыл өңірге еріген қар суы былтырмен салыстырғанда екі есе көп келген. Соның салдарынан өзен арнасынан асып, жағдайды қиындатқан. Қазір су деңгейі 10 сантиметрге төмендеген, іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысындағы Ескі Қалқұтан ауылы өзен тасуы салдарынан оқшауланып қалғаны, су тасқыны кезінде елді мекенде бір тұрғын жоғалып кеткені хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша ол таңертең ерте жұмысқа кетіп, содан бері байланысқа шықпаған.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, полицияға оның ағасы арызданған, кейін жоғалған адамның жүрген жерін анықтауға бағытталған іздестіру шаралары ұйымдастырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!