Елімізде су тасқыны басталғалы бері 500-ге жуық әйел сәтті босанды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразәлиева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, табиғи апат кезінде эвакуацияланғандардың арасында созылмалы ауруы бар 1318 адам болған.
"Тасқыннан зардап шеккендерден психологиялық көмек керек деген 2805 өтініш түсті. Табиғи апаттың барлық кезеңінде су басқан елді мекендерден 445 жүкті әйел эвакуацияланды. Жалпы 474 әйел сәтті босанды. Барлық ана мен сәби патронаждық қызметтің қамқорлығында.
Су басқан аудандарда барлығы 4 мыңнан аса бала эвакуацияланды. Олардың ішінде 65 кішкентай науқас амбулаториялық және стационарлық деңгейде емделіп жатыр", - деді Әйгерім Оразәлиева ОКҚ-да өткен брифингте.
Ресми өкіл инфекциялық ауру тарамас үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
"Су тасқыны басталғаннан бері санитариялық, химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге 11 мыңға жуық ауыз су сынамасы іріктеліп зерттелді.
Бүгін біз күш-жігерімізді эпидемиологиялық маңызы бар нысандарды дұрыс дезинфекциялауға бағыттадық. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауымен 6 мыңнан аса нысанға дезинфекция жүргізілді. Дәрігерлер мен санэпид қызметтің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде инфекциялық аурулардың оның ішінде ішектің, уланудың өршуіне жол берілмеді. Сынама алу кезінде барлық көрсеткіш қауіпсіз диапазонда", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!