Су тасқыны қауіпі бар өңірлер

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіш су тасқыны қаупі бар өңірлерді атады.

«Қызылордада су тасқыны бойынша қауіп бар. Бірақ, оның өзі ықтималдығы жоғары емес. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінгі күні ешқандай қауіп жоқ сияқты көрінеді. Алайда үш күн қатарынан жауын жауатын болса онда үлкен қауіп төнеді. Өйткені, бұл өңірде таулар бар. Мәселен, Қаратау жоталарындағы қар 1 ай немесе 2 ай біртіндеп еритін болса, онда ешқандай мәселе жоқ. Ал егер ол 3-4 күннің ішінде, ары кеткенде 1 аптада еріп кететін болса, онда мәселе туады», – деді ол. Осы ретте комитет басшысы Шығыс Қазақстан облысына қар қалың түскенін әрі күн күрт жылынып, тез еритін болса өңірді біраз әбірге салатынын ашық айтты.

«Алматы облысында да қар қалыптан тыс жоғары. Мұндай жағдай Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында да бар. Бірақ, айта кетерлігі орын алатын ахуал қардың еруіне байланысты. Дегенмен, қазіргі ауа райы режимі  су тасқыны қаупінің алдын алуда өте оңтайлы болып тұр. Бірақ, ол су жинауға қолайсыз»,–  деді Ислам Әбіш.

qazaquni.kz