- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Су тасқыны болған...
Су тасқыны болған аймақтарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Қазақстанның аумақтық бөліністерінің жартысынан көбінде еріген қардың, арнасынан асқан өзен суларының салдарынан төтенше жағдай жарияланып жатыр. Кей облыста бүт ауыл, аудан орталықтарын және қала маңын су шаю дерегі тіркеліп жатса, кей облыста су тасқыны қайта жүреді деген қауіп бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осыған дейін Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқынының қаупі бары айтылған еді. Осы облыстардың ТЖД мәліметінше бүгінде жағдай мынадай:
БҚО
Батыс Қазақстан облысында ;ергілікті масштабта 6 төтенше жағдай жарияланды (БҚО, Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі аудандары). 1905 саяжайды су басты.
Облыс аумағындағы өзендер қауіпті деңгейге жеткен жоқ (қауіпті/нақты): Жайық - 850 см/761 см.
"13 259 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 544 бала, 19 мүмкіндігі шектеулі. Эвакуациялық пункттерде 1 821 адам орналасқан, оның ішінде 781 бала, 11 438 адам туыстарында. 4907 үй жануары қауіпсіз жерлерге айдалды", - делінген БҚО Төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабарламада.
Авариялық-құтқару жұмыстарына 6 478 адам, 1 219 бірлік техника, 198 бірлік су сору құралы, 156 дана жүзу құралы және 3 тікұшақ жұмылдырылған.
Фото: uralskweek.kz
ШҚО
Қала мен аудандардың әкімдіктері су тасқынына қарсы жұмысты аяқтады. Ұзындығы 135 км 72 канал, ұзындығы 376 км 448 арық, автокөлікте 1735 су өткізу құбыры, темір жолдарда 90, 277 көпір тазартылды. 369 мың текше метр қар шығарылды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 334 су өткізу құрылысы, 85 көпір, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында - 1588 су өткізу құрылысы, 85 көпір тазартылды.
Алтай және Күршім аудандарында осы іс-шараларды өткізуге Қазақстан Республикасы ТЖМ 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де жұмылдырылды.
"Жағдай қиындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері құралымдарының күштері мен құралдары топтастырылды: 2270 адам 732 бірлік техника, 61 жүзу құралы және 234 бірлік мотопомпалар, сондай-ақ қосымша ҚМ, ҰҰ әскери бөлімдерінің, Шекара қызметі департаментінің және полиция департаментінің қызметкерлерінен 1379 адам және 55 бірлік техника", - дейді ШҚО құтқарушылары.
Ақтөбе облысы
Торғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Нұра ауылында қорғаныс бөгеті шайылып, нәтижесінде ауылды су басты.
Нұра, Мамыр ауылдарында 327 адам және 25 бірлік техника жұмылдырылды. Жағдайды зерттеу үшін Ақтөбе облысы ТЖД басшысы Нұрғали Жүнісов барды. Алдын ала 1100 дана қаптар салу және 390 тонна инертті материал жеткізу жұмыстары жүргізілді.
"ТЖД басшылығы жетекшілігімен Қорғаныс Министрлігі ұшағымен құтқарушылар Нұра ауылы Ырғыз ауданы Мамыр, Нұра, Белшер ауылдарынан 3 күн ішінде 685 адам оның ішінде 363 бала эвакуацияланды", - делінген облыстық ТЖД хабарламасында.
Сондай-ақ, Ырғыз ауданына гуманитарлық жүк жіберілді: 100 күрек, 60 матрац, 50 етік, 40 айран, 1 қап жүгері, 3 қорап консервілер, 10 қорап печенье, 10 мың қап, 1 қайық, 2 тақта, 2 генератор ,1 мотопомпа, 4 қап дәрі-дәрмек.
Фото: ТЖМ
Ақмола облысы
Ақмола облысының Целиноград ауданының Қаражар және Ақмол елді мекендері арасында орналасқан АЛВА лиманды суару жүйесінің бөгеті қатты толқындардың салдарынан толып кеткен болатын.
ТЖД жеке құрамы мен жергілікті атқарушы органдар шұғыл түрде оқиға орнына жіберілген, сондай-ақ Қаражар және Қараөткел ауылдарының тұрғындары да көмекке келген. Барлық жұмылдырылған күштермен бөгеттің суға толып кетуі жойылды. Қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
"Бүгінгі күні 15 сәуірде АЛВА лиманды суару жүйесінің бөгетінде 60 адамнан тұратын Мемлекеттік күзет қызметі отрядының күшімен бөгеттің ішкі бөлігін қапшықпен нығайту бойынша іс-шаралар жүргізілуде", - деді Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Ерлан Молдаханов.
Фото: Ақмола облысының баспасөз қызметі
Солтүстік Қазақстан облысы
Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында Есіл өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Барлығы 730 549 текше метр су сорылды, 24 958 метр бөгет нығайтылды, 8 501 метр бөгет тұрғызылды, 8 501 қапшық төселді.
Су тасқыны басталғаннан бері 10 345 адам, оның ішінде 2 328 бала құтқарылды және эвакуацияланды. 44 адам үйлеріне оралды. Уақытша орналастыру пункттерінде 688 адам, оның ішінде 109 бала бар. 3 805 ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерге айдалды. "Жедел желі" телефондарына 180 қоңырау келіп түсті, психологтар зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсетуде.
"Петропавл қаласында, Солтүстік Қазақстан облысының Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, М. Жұмабаев, Айыртас, Есіл, Тимирязев, Қызылжар аудандарының елді мекендерінде 2083 жеке тұрғын үй мен 1115 аула аумағы су астында қалды. 8 жол төсемі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыста болатын және азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорлары құрылған көліктік қатынасы жоқ 3 елді мекен бақылауда", - дейді СҚО ТЖД мамандары.
Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстары мен су тасқынына қарсы іс-шараларға 4862 адам және 909 бірлік техника, 495 су айдау құралы және 120 жүзу құралы, ТЖМ, Қорғаныс министрлігінің, ІІМ, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 3 әуе кемесі, сондай-ақ Астана, Алматы, Түркістан, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Ұлытау облыстарының ТЖД күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә