Биыл су тасқыны кезінде қашықтан оқыған 2,6 мың оқушы үшін жазғы мектеп ашылады. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Төтенше жағдай жарияланған Ақтөбе облысының 9 мектебінде, Атырау облысының 3 мектебінде және Солтүстік Қазақстан облысының 5 мектебіндегі оқушылар аралық және қорытынды емтиханнан босатылды. Су тасқыны болған кезде өңірлердегі мектептер қашықтан оқытуға көшті. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ондағы 622 мектепте "жазғы мектеп" ұйымдастырылады", - деді Наталья Жұмаділдаева.
Министрдің орынбасары 11-сынып оқушылары 11 маусымға дейін емтихан тапсыратынын атап өтті.
"Биыл 9-сыныпты 341 242 оқушы бітіреді. 29 мамыр мен 10 маусым аралығында олар қорытынды емтихан тапсырады. Сондай-ақ 11-сыныпты 186 мыңнан астам түлек бітіреді. 28 мамырдан 11 маусымға дейін олар қорытынды емтихан тапсырады. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 156 мың студент тәмамдайды. 28 маусымға дейін колледж түлектері қорытынды емтиханды тапсырады. 28 маусым мен 1 шілде аралығында диплом тапсыру рәсімі өтеді", - деді вице-министр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!