Елімізде шамамен 40 мың адам үйіне оралды. Бұл туралы ТЖМ өкілі Асқар Шәріп айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазір Атырау облысында 41 елді мекенде су бөгеттері салынып жатыр. Су тасқыны кезінде өңірде 500 шақырымнан аса қорғаныс салынды. Бүгінде облыста 10 өңірден келген ТЖМ қызметкерлері және әскерилер бар. Сағат сайын Төтенше жағдай министрлігінің қызметкерлері Жайық өзенінде судың деңгейін бақылап отыр", - деді Асқар Шәріп ОКҚ-да өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазір Құлсары қаласында 2564 тұрғын үйден су шығарылды.
Сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында азаматтық қорғау қызметі, волонтерлер тасқын салдарын жою және зардап шеккен халыққа көмектесіп жатыр.
"Республика бойынша 39 352 адам өз үйлеріне оралды. 6552 адам эвакуациялау пункттерінде. Еліміз бойынша 7089 жеке тұрғын үй мен 2834 ауладан су сорылды. Су тасқыны басталғаны бері 13,1 млн текше метр су сорылып айдалды, 7,6 млн қап және 1,5 млн тонна инертті материал төселді", - деді ТЖМ өкілі.
Бүгінде тасқынға қарсы жұмысқа 17 мыңнан аса адам, 2 мыңға жуық техника, 291 су сору құралы, 200 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылған.
"Өрт қауіпті кезеңінің басталуына байланысты ТЖМ азаматтарды табиғатқа шыққан кезде өрт қауіпсізді талабын сақтауға шақырады", - деді Асқар Шәріп.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!