- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Су патшасы Сүлеймен,...
"Су патшасы Сүлеймен, ағысыңды теріс бұр!" Желіде ұршықты кері иірсе, су қайтады деген видеолар тарады
Әлеуметтік желіде әжелердің тасқын судың бетін қайтарамын деп жасаған ырымдарының видеосы тарап жатыр. Massaget.kz тілшісі осы ырымға қатысты этнограф Болат Бопайұлының пікірін білді.
Желіде тарап кеткен видеоның бірінде ақ жаулықты әже Жайық жағасында ұршық иіріп отырғаны көрінеді.
"Қазақтың ырымы ұршықты теріс иіріп, судың иірімін кері қайтарады деген соң Жайықтың жағасына келіп, осындай ырымды жасап жатырмын. Алла ниетімізді қабыл етсін. Су патшасы Сүлеймен, ағысыңды теріс бұр, жазыққа бұр. Ей Алла, иіріміңді халыққа емес, кең жазық далаға бұр" , - дейді видеода ол.
Су тасқыны. Батыс Қазақстанда қандай ауылдар зардап шегуі мүмкін?
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Кейін ол жаулығын шешіп, суға тастайды. Зейнеткердің сөзінше, жаулықты тастағанда жау да кері қайтқан.
"Су патшасы Сүлеймен суыңды қайтара көр деп аналық орамалымды, ақ жаулығымды жауып жатырмын. Аллам, халқыма тыныштық бере гөр. Су тасқынынан құтқара гөр", - дейді ол.
Әлеуметтік желідегі кезекті видеода тағы бір әже ұршық иіріп отырғаны көрінеді.
"Теріс иірген жіп иірімді кейін қайтарады деген қазақтың нанымы болған", - дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, бұл - тек су апатына қатысты емес, басқа да жаман нәрселерге қарсы жасаған халықтың ырымы.
"Кезінде тасқын су болғанда, жұмыстары маңдымағанда, апалар сондай ырымдар жасайтын. Ол - байырғы замандағы ырым. Сол арқылы жүдеген көңілге медет береді. Ол кезде қазатын, су алдын тосатын нәрселер жоқ. Үйдегі кішкентай балалар болады ғой. Солар "су тоқтай ма, апат кете ме?" дегенде шабыттандыру үшін "апаң ұршықты кері иіргенде су қайтады" деп балалардың көңіл күйін орнына түсірген. Жылап отырған балаларды алдаусыратқан. Балалар соған қарап отырып, "апам ұршық үйіреді, су қайтады" деген. Кейін бәрібір су қайтады ғой, содан қалып қалған ырымдар. Басқа да жамандықтарға қатысты, жұқпалы ауру тарап кеткенде, соғыс, шапқыншылық болған кезде, ұры-қары малды тонағанда, жаудың, жамандықтың бетін қайтару үшін істелген нәрселер. Үйдегі балалар қорқып қалмауы үшін солай тыныштандырған. Олар сол нәрсеге сеніп, "апамыз ұршықты кері иіріп жатыр, жамандықтар қайтады" деп ойлаған", - деді сарапшы.
Сонымен қатар, жазушы, этнограф суға ақ жаулық тастаудың да мәнін түсіндірді.
"Ол да бағзы заманнан қалған ырым. Бұрын дау болғанда ерлер алдына тымағын тастаған. Сол секілді. Табиғаттың дүлей нәрсесіне шарасыздан жасаған, "жамандық осымен кетсін" деген ырымы", - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, қазір Қазақстанның бірқатар өңірі су тасқынына қарсы күресіп жатыр. БҚО, Атырау облыстары Ресей тарапынан келетін судан қауіптенеді. Одан бөлек Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысы секілді өңірлерде төтенше жағдай болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова