Су министрлігі "Аралға жаңбыр жауғызамын" деген жігіттің әрекетіне қандай баға берді?

"Аралға жаңбыр жауғызамын" деген Алтай Айнабектің іс-әрекетіне Су ресурстары және ирригация министрлігі жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

  • Министрліктің Алтай Айнабектің әрекетіне ұстанымы қандай?

Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызмет өкілі Алтай Айнабек вице-министрмен кездескенін, оның идеясын тыңдағанын растады, бірақ бұл мәселенің бағасын Экология министрлігі беретінін мәлімдеді. 

Ведомствоның ресми жауабына сүйенсек, министрлік бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізбеген.

"Қазіргі уақытта Аралға жасанды жолмен жаңбыр жауғызған іс-әрекет министрлік тарапынан зерттелмеді және жасанды жаңбырдың әсерін бағалау үшін жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Климаттың өзгеруі мен болжамға қатысты сұрақтар "Қазгидромет" РМК-ның құзыретіне жататынын хабарлаймыз", - деп жазылған ресми сауалға жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін Қазгидромет Massaget.kz-ке берген ресми жауабында ведомство жеке және заңды тұлғалардың жұмысына баға бермейтінін, маусым-шілде аралығында синоптикалық процестерге, белгілі бір аймақтың географиялық және климаттық ерекшеліктеріне қатысты өзгерістер тіркелмегенін мәлімдеді.

    Қазгидромет "Аралға жаңбыр жауғызамын" деген Алтай Айнабектің әрекетіне пікір білдірді

    Ал Су ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, 2022 жылы Кіші Арал теңізінде су деңгейі 40,48 мБЖ, жиналған су көлемі 18,9 миллиард текше метр болып, соңғы бес жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге жеткен.

    ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

    • 2022 жылы Арал теңізіне қандай көлемде және қайдан су келді?

    "2022 жылы Сырдария өзенімен Қаратерең су бекеті арқылы Кіші Арал теңізіне 816 миллион текше метр су көлемі жіберілді", - деп жазылған ресми сауалға жауапта.

    • 2023 жылы Арал теңізіне қандай көлемде және қайдан су келді?

    "2023 жылы Сырдария өзенімен Қаратерең су бекеті арқылы Кіші Арал теңізіне 2042 миллион текше метр су көлемі жіберілді", - деп жазылған ресми сауалға жауапта.

    • Биыл Арал теңізіне қандай көлемде және қандай жолмен, қайдан су келді?

    "Жыл басынан бастап 24 шілдеге дейін Сырдария өзенімен Қаратерең су бекеті арқылы Кіші Арал
    теңізіне 1362 миллион текше метр су көлемі келді. Қаратерең су бекеті арқылы Арал теңізіне былтыр осы мезетте секундына 4,73 текше метр су берілсе, бүгінгі күні секундына 74 текше метр су келіп жатыр. Су деңгейі - 41,23 мБЖ, жиналған су көлемі - 21,5 миллиард текше метр", - деп жазылған ресми сауалға жауапта.

    ©QazaqGeography

    • Арал теңізінің солтүстік, оңтүстік бөліктеріндегі қазіргі жағдай қандай? 

    Ведомство деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары Сырдария өзенінде су көлемі аз болуына байланысты Кіші Арал теңізіне жиналған су көлемі 27,0 миллиард текше метрден 18,5 миллиард текше метрге кеміп, су деңгейі 40,42 мБЖ-ға дейін төмендеді.

    "24 шілдедегі мәлімет бойынша Кіші Арал теңізіне жиналған су көлемі 21,44 миллиард текше метрге жетіп, су деңгейі 41,23 мБЖ-ға көтерілді. Кіші Арал теңізіне су көлемі тек Сырдария өзенінен келеді. Сырдария өзенінен су көлемі аз келуіне байланысты Көкарал гидротехникалық құрылысы арқылы Үлкен Арал теңізіне су жіберілген жоқ", - деп жазылған жауапта.

    ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

    • Арал теңізінің жағдайын қалыпқа келтіру үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

    Қазір министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, "Арал теңізінің солтүстік бөлігін өңірлік дамыту және қалпына келтіру" жобасын іске асыруға дайындық жүргізіп жатыр. Ол Солтүстік Арал теңізінің көлемін ұлғайтуға, тұздану деңгейін төмендетуге, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында су ресурстарын басқару әдістерін дамытуға бағытталған.

    "2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан "Халықаралық Аралды құтқару" қорына төрағалық етеді, оған Мемлекет басшысы міндеттер қойды: атап айтқанда, су-энергетикалық ынтымақтастық жөніндегі келісім, трансшекаралық арналарды автоматтандыру және цифрландыру, ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу, ирригациялық жүйелер мен гидротехникалық құрылымдарды реконструкциялау", - деп жазылған ведомство жауабында.

    Еске салайық, бұған дейін Алтай Айнабек редакцияға көлемді сұхбат беріп, технологиясының құпиясын ашты. 

    Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз