Су министрі қар ерітіп ішіп отырған егіндікөлдіктерге не дейді?

Су министрі қар ерітіп ішіп отырған егіндікөлдіктерге не дейді?
Фото: Massaget.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ауыз судан тарыққан егіндікөлдіктердің мәселесі қалай шешілетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысынан соң БАҚ өкілі министрге "Ақмола облысы, Егіндікөл ауданының халқы ауыз судан тарығып, қар ерітіп ішіп отырғанын білесіз бе? Ауданның су мәселесін қалай шешесіз?" деп сұрақ қойды.

"Былтыр 3 миллиард теңге ақша бөлінді. 47 шақырымға созылған магистралды құбыр ауыстырылды. Сол жұмыстардың арқасында бүгінгі таңда ауданның бірнеше елді мекеніне су берілді. Биыл да қосымша қаражат бөлініп жатыр. Біз жұмыстың бірінші және екінші кезеңін биыл аяқтаймыз. Жоспар бойынша, бірінші кезең - жердің ұңғымаларын қалпына келтіру, ал екінші кезең - магистралды құбыларды ауыстыру. Су құбырын елді мекендерге жүргізу жұмысын 2025 жылы аяқтаймыз", - деді Нұржан Нұржігітов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақмолаға қарасты Егіндікөлде су жоқ екенін жазған болатынбыз. Су жетпеген халық арасында тіпті қарды ерітіп ішуге де мәжбүр болғандары бар. Ең өкініштісі сол тіпті ауданда судың тарифі де қымбаттап кеткен.

Жасұлан Ордабаев

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz