Глубокое ауданына қарасты Степное ауылы таза суға зар болып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеуніктер қар сөгіле, таза ауыз су тарту жұмыстары қайта басталатындығына уәде еткен.
"Бұл жерде жұмыс басталмағаны былай тұрсын, мердігерлердің нақты айтар жауабы да жоқ. Қазір сот мәселенің ақ-қарасын анықтап жатыр, ол ұзаққа созылады. Шалғайдағы ауылдарға ауызсу құбыры кедергісіз тартылып жатқанда, бізде қандай кедергі бар? Таза суды қашан ішеміз? Өскеменнің дәл шетіндеміз, бірақ ішерге су жоқ", - деді Мирас Жұманазаров есімді тұрғын.
Степное облыс орталығынан 30 шақырымға жетер-жетпес жерде орын тепкен. 1000-ға тарта тұрғыны бар. Тұрғындардың сөзінше, құдықтағы су да тартылып қалған.
ШҚО-дағы Глубокое ауданы Степное ауылындағы су құбыры желісін қайта құрылымдау топтамасы (лот) бойынша мемлекеттік сатып алу 2022 жылғы 15 желтоқсанда жүргізілді. Ұйымдастырушысы - Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сатып алу басқармасы, тапсырыс беруші - Глубокое аудандық құрылыс, архитектура және қала құрылысы бөлімі. Қорытынды хаттамасына сәйкес, "Alyans XXI" ЖШС мемлекеттік сатып алу конкурсын ұтты. Сот материалдарына сүйенсек, бұған "СМУ Шығыс" жеткізуші шығарылған қорытындымен келіспей, заңға қайшылықтар болғанын айтып, ШҚО Мемлекеттік ішкі аудит департаментіне шағым түсірген.
Камералық бақылау нәтижесіне сәйкес заңбұзушылықтар анықталып, конкурс ұйымдастырушыларына реттеу туралы ескертпе жіберілген. Яғни "СМУ Шығыс" ЖШС конкурстық комиссияның 24 нысаны бойынша жеті нысанды ескермеген. Содан Мемлекеттік сатып алу басқармасы әкімшілік сотқа талап қойылғанына байланысты ескертпені орындауды тоқтата тұрды.
Тендерді ұтқан "Alyans XXI" ЖШС да өз тарапынан сотқа қойылған талапқа келіспеушіліктерін білдіріп, тез арада заңбұзушылықтарды реттеуді сұрады. Сот қорытындысы бойынша "СМУ Шығыс" ЖШС-ның жұмыс тәжірибесінен бас тартылғаны әкімшілік іс материалдарымен расталды.
Биыл 27 ақпанда сот "Alyans XXI" қойған талапты қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Дегенмен іс мұнымен бітпеді. Степное жұрты таза ауызсудан тарығып отыр. Оған қоса, сот "СМУ Шығыс" ЖШС-ның мемлекеттік сатып алу конкурсы заңсыз өтті деп, шешімді өзгерту туралы шағым қарастырылып жатыр.
Ресми мәліметке сүйенсек, Степноеға су тарту үшін 800 миллион теңгеден аса қаржы бөлініпті. 270-ке тарта үйдің 100-ге жуығы ғана орталықтандырылған ауызсуға қосылған. Ол су құбырына да 60 жылдан асты. Ауыл жұртының үштен бір бөлігі 10 жылдан бері ауызсуды көршілес аудандардан тасып ішеді.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!