Мәжілістің жалпы отырысында Су кодексі мен оған ілеспе заң жобасы қарауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Бауыржан Смағұлов жаңа Су кодексін әзірлеу су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, болашақ ұрпақтың мүддесі үшін бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Кодексті қабылдау елдің су әлеуетін сақтау және судың экономикалық құндылығын тану басымдығы жағына қарай су ресурсын басқару тәсілдерін қайта қарауға, саладағы мемлекеттік органдардың құзыреттерін айқындау және нақтылау, сондай-ақ мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруда жұртшылық пен ғылымның рөлін күшейтуге, су қорын сақтау және халықтың және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер арасындағы байланысты орнатуға мүмкіндік береді", - деді Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы.
Сонымен қатар, депутат ілеспе заң жобасына тоқталды.
"Ілеспе заң жобасы ("Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы) жаңа Су кодексін үйлестіруге, су қорын қорғауға және судың ұтымсыз пайдалану салдарымен байланысты мемлекет үшін әлеуметтік, экономикалық тәуекелдерін азайтуға бағытталған нормалар енгізілді. Комитет осы заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын", - деді Бауыржан Смағұлов.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!