"Су жоқ не газ жоқ, тіпті жол да жоқ". Ақтау тұрғындары наразылық білдіріп әкімдік алдына жиналды

"Су жоқ не газ жоқ, тіпті жол да жоқ". Ақтау тұрғындары наразылық білдіріп әкімдік алдына жиналды
Фото: автордан

Ақтауда 200-ден аса отбасыға табиғи газ берілмеген. Тұрғын үй кешенінің сапасы да сын көтермейді. Сондықтан ашынған тұрғындар облыс әкімдігінің алдында талаптарын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

16-шағынаудандағы "Берекелі шаңырақ" тұрғын үй кешенінің тұрғындары 3 жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырды. Олар баспаналарына табиғи газ қосып беруді сұрайды. Себебі газ жоқ болған соң олар ас-суын ток плитаға пісіреді. Ал кейбіреулері газ баллон пайдаланып отыр. Олардың сөзінше, бұл бүкіл үйдің тұрғындарына қауіпті. Сондықтан олар осы жолы да нәтиже шықпаса, Президентке үндеу жолдайтындарын айтты.

"Облыс әкімдігіне бірінші рет келіп тұрған жоқпыз. Ешқандай нәтиже жоқ. Ар жағында бұлар өзара сыбайлас па? Әңгімелері бір ма? Білмейміз. Қала әкімі болсын, облыс әкімі болсын осылай халықты қаңғытып қоя ма? Не су жоқ, не газ жоқ, не жол жоқ. Қаланың ортасында отырмыз", - дейді Марал Демегенова.

Тұрғындардың айтуынша, баспаналары сапасыз салынған. Қабырғалары жарылып, сылақтары түсіп жатыр. Бірақ мердігер компания олқылықтарды жоюдан бас тартқан. Сондай-ақ, тұрғын үйде электр энергиясы жиі өшеді. Ал шағынауданда әлі күнге асфальт төселмеген. Тұрғындарға ең қажет әлеуметтік нысандар, яғни мектеп пен балабақша жоқ.

"Үйді жобаға сай жөндеп берсін. Кемшіліктерін жою қажет. Жолын салып, газды қосып беруді сұраймыз", - дейді Марат Сүйіндіков.

Маңғыстау облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшылары тұрғындарға тағы да уәде берді. Олардың сөзінше, тұрғын үйге 2-3 айда газ қосу жоспарланған.

"Егер бізге тұрғындар өтініш түсірсе, біз "Берекелі шаңырақ" тұрғын үй кешен салған "Казэлитстрой" мекемесін тексереміз. Бұл құрылыс 2019-2020 жылдары қабылданған. Соған байланысты егер құрылыс жобасынан ауытқу анықталса, әкімшілік хаттама толтырып, нұсқама береміз", - дейді облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Алғадай Қоштаев.

Шағынауданда биыл да мектеп салынбайтын болды. Ал тасжолдың жобасы мемлекеттік сараптамаға жіберілген.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz