Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы Қанат Құлназаров Астанада коммуналдық қызметтер ақысы өскенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Астананы электр қуатымен қамтитын 2 табиғи монополия субьектісі бар: "Астана-РЭК" АҚ және "Астанаэнергосбыт" ЖШС.
"Астана-РЭК" тарифі электр қуатын сату құны 32,7 миллион теңгеге, еңбекақыға жұмсалатын шығын 1,6 миллиард теңгеге, мемлекет меншігінен кәсіпорынға берілген желілерді күтіп ұстау шығындары 98,7 миллион теңгеге артуына байланысты түзетілді. Тарифтің өзгеру мәні - 64 тиын, яғни 1 киловатт/сағат электрдің тарифі 5,38 теңгеден 6,14 теңгеге өсті. Ал "Астанаэнергосбыт" ЖШС электрмен жабдықтау тарифі энергия көздері мен энергия беруші кәсіпорындар тарифінің өсуіне байланысты түзетілді", - деді ол.
Қанат Құлназаровтың сөзінше, қалада жылумен жабдықтау тарифі де артқан.
"Астана-Теплотранзит" АҚ-ның тарифі еңбекақы шығындарын 631 миллион теңгеге, электр қуатына жұмсайтын шығын 359 миллион теңгеге, жергілікті әкімдіктерден қайтарып алған желілерді күтіп ұстау шығындары 180 миллион теңгеге дейін өсуіне, желілерді реконструкциялауға 1,1 миллиард теңге қосымша инвестиция салуына байланысты өсті. Демек, тариф 230,4 теңгеге, 1 ГКал энергияның құны 1 236,5 теңгеден 1 466,8 теңгеге дейін ұлғайды", - деді ол.
Сондай-ақ, 1 тамыздан Астанада жылу энергиясының жаңа тарифі қолданысқа енеді.
"Астана қаласының сумен жабдықтау және су бұру саласында "Астана су арнасы" МКК қызмет көрсетеді. Бекітілген тариф аясында мынандай шаралар көзделген: біріншіден, су бұру желілерін жөндеп, реконструкциялауға, қондырғылар мен арнайы техниканы жаңартуға 1,2 миллиард теңге қосымша инвестиция бөлу. Екіншіден, электр қуатына жұмсалатын шығынды арттыру. "Астана арнасы" үшін бұл стратегиялық тауар болып есептеледі. Үшінші - кәсіпорын жұмысшыларының орташа номиналды айлықтарын өсіру. Осы айтылған деректерді есептесек, сумен жабдықтау және су бұру тарифі халық үшін орта есеппен 10 теңге айналасында өзгертілді. 1 текше метр суық судың тарифі 48 теңгеден 58 теңгеге дейін, су бұру тарифі 7,5 теңгеге өседі", - деді Құлназаров.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!