Каспий теңізі кейінгі 15 жылда 2 метрге тартылған. Ал, былтыр жаздан бері судың деңгейі тіпті, қатты жылдамдықпен түсіп барады дейді мамандар. Көк айдынның ахуалы қазір көпті мазалап отыр. Осы мәселеге Мемлекет басшысының өзі алаңдаушылық танытып, теңіздің проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырды. Жаңа ұйым қашан және қайда құрылып, қандай зерттеулер жүргізбек? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Ақтауда туып-өскен Еламан Төлеев бала күнінен теңіз десе, ішкен асын жерге қояды. Ол 10 жасынан бастап, қыста суық суға шомылуды да үйренген. Қазір 25 жастағы жігіт осылай салауатты өмір салтын ұстанады. Үйренген жағалауының суы тартылып, түсу мүмкін болмай қалған.
"Енді қазір басқа жерлерді іздеп өзімізге сол орын тауып, секіріп, шомылып жүрміз. Бірақ тереңдігін білмегендіктен кішкене сескеніп қорқып шомыламыз. Біздің де артымыздан жас ұрпақ өсіп келе жатыр. Мына кеуіп бара жатқан теңіздің қызығын көре ала ма, көре алмай ма? Мен содан қорқамын", - дейді қала тұрғыны.
Мамандар теңіз суының қарқынды түрде тартылып бара жатқанына дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, кейінгі 5 жылда теңіз суы 60-70 сантиметрге төмендеген. 40 жылдан бері метеостанцияда жұмыс істейтін Ольга Бачкова судың деңгейін өлшейтін бағананың осы кезге дейін 4 рет төмен түсірілгенін айтады. Себебі, теңіз тартылған сайын бағанадағы өлшем бірліктері жетпей қалады. Тәжірибелі маманның сөзінше, теңіз деңгейі 80-ші жылдары жақсы көтерілген. Бірақ содан бері тек төмендеп жатыр.
"Біз тек бақылап отырамыз. Әр өлшеген сайын төмендегенін байқаймыз. Бұл мәселеге ғалымдар кірісуі керек. Тек Маңғыстаудағы емес, Каспийдің жағасындағы барлық метеостанциядағы көпжылдық мәліметтерді салыстырып, нақты себебін анықтау қажет деп ойлаймын", - дейді Ақтау метеостанциясының метеорологы Ольга Бачкова.
Президент өңірге келген сапарында құзырлы мемлекеттік органдарға "Каспий теңізін зерттеу институтын құруды" тапсырған еді. Осыған байланысты қазір Каспий маңы мемлекеттерімен бірлесіп, тұжырымдама әзірленіп жатыр. Институт келесі жылдың соңына жұмысқа кіріседі деп жоспарланған. Бірақ қайда құрылатыны әзірге белгісіз.
"Институт, негізінен, осы Каспий теңізінің таяздауын, биоалуантүрлігін, экожүйесін зерттейді деп жоспарланып жатыр. Не себепті таязданып жатыр? Қай өзендерден су жеткіліксіз келіп жатыр? Соның барлығы зерттелетін болады. Экология жағынан трансшекаралық өзендердің келуі жағынан да мұқият қаралады", - дейді ҚР ЭГТРМ су ресурстары комитетінің баспасөз хатшысы Ақылжан Қартбаев.
Мамандардың пікірінше, теңіздің ең үлкен шығыны - булану. Қазір жаһандық жылыну салдарынан теңіз суы қарқынды буланып жатыр. Оның үстіне, жауын-шашын аз. Сонымен қатар, Каспийге Еділ мен Жайық өзендерінен келетін судың көлемі азайған. Осының барлығы теңіз деңгейінің төмендеуіне әкеліп жатыр.
Аягөз Ізбасарова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!