Су басқан үйлердің басым бөлігі - Атырау облысында

Су басқан үйлердің басым бөлігі - Атырау облысында
Фото: Massaget.kz / Nurzhan Rysbekov

Елімізде су басқан үйлердің басым бөлігі Атырау облысы Жылыой ауданында орналасқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыстық ТЖД ресми өкілі Айсұлу Келдіғалиеваның айтуынша, тасқын басталғалы бері өңірде судың деңгейі 107 см-ге көтерілген. Алайда бүгінде аудандағы Жем өзенінде судың деңгейі 15 см-ге түскен.

"Жылыой ауданынан 36 738 адам эвакуацияланды. Оның – 8382-сі бала. Сонымен қатар 10 мыңнан аса төрт түлік қауіпсіз жерге айдалды. Елді мекенде тасқын салдарын жою үшін 6 мың 52 адам жұмыс істеп жатыр. Онда 219 техника, 17 жүзу құралы, 19 мотопомпа бар. Ауданда жағаны бекіту жұмысы тоқтаған жоқ. Барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Соңғы деректер бойынша аудан орталығында су басқан үйлердің саны – 2798. Бүгінде 12 үйден су шығарылды", - деді Айсұлу Келдіғалиева ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ аудан аумағындағы облыстық маңызы бар "Доссор – Құлсары – Атырау" тасжолын су шайып кеткен.

Еске салайық, бұған дейін ТЖМ елімізде 3,5 мыңнан аса үйді су басқанын хабарлаған еді.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz