- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Су басқан Қояндының...
Су басқан Қояндының қазіргі ахуалы қалай?
Бірер күн бұрын Астана маңындағы Қоянды ауылын су басты. Бүгінгі таңда су қаупі сейілді ме? Қазіргі ахуал қалай? Биыл неге елді мекен су астында қалды? Төтенше жағдай қызметкерлері қандай жұмыс атқарып жатыр? Massaget.kz тілшісі Қоянды ауылының мән-жайын біліп қайтты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, Қояндыдан бүгін 150 мың текше метр қар шығарылды.
"Бүгін сағат 100 мың текше метрге жуық еріген су тартылды. Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және ЖАО 35 бірлік техникасы, 100-ден астам адам және 41 мотопомпасы жұмылдырылды. Қазіргі таңда жағдай қалыпты", - дейді ведомства.
2004 жылы Қоянды ауылында 58 үй болса, қазіргі таңда 5 мыңға жуықтады. Ауылда 180 шақырымға созылған жол және 108 көше бар. Сонымен бірге Қояндыда 40 мыңға жуық халық тұрады.
Ауылда жедел эвакуацияланған адамдар жоқ.
"Қарымызды қыс бойы өзіміз шығардық. Павлодардағы жолды жапқаннан кейін шаралар қабылданғандай болып еді, алайда әкімшілік жіберген 4-5 көліктің шамасы жететін емес. Тіпті тоқтап қалды десек болады. Халық ауласындағы қарды шығарайын десе экскаватор таппай отыр. Қазіргі таңда үйлерді әлі су алып жатыр. Осымен 5-ші күн әкімдік тарапынан әкімшілік жағынан ешқандай әрекет жоқ. Біз шарасыздықтан жүгініп отырмыз", - деді Қоянды ауылының тұрғыны.
Қоянды ауылының әкімі Бақытхан Солтанбай ауылдағы жағдайдың неден шығып отырғанын айтып берді.
"Көп факторлар бар. Соның бірі, жалпы Қояды бас жоспарсыз құрылған ауыл. Елді мекеннің бас жоспары тек 2018 жылы ғана бекітілді. Ауылдың көптеген үйі тас жолдардан төмен орналасқан. Былтыр 16 шақырымға жуық жол салынға болатын. Құрылыс нормалары мен арнайы стандарттары сақталмай үйлер салына берген. Жалпы ауыл алдымен инфрақұрылым қалыптасып, кейін ғана қолданысқа берілуге тиіс. Үстінде айтқанымдай, Қоянды олай құрылмаған мекен. Көбіне жол жиегінде тұрған үйлердің іргесінен су кіріп жатыр. Оның үстіне фундаменті де биік салынбаған. Бүгін Төтенше жағдай қызметкерлері жұмылып, қауіп бар дейтін көшелердің суын сорғызып жатыр", - деді Қоянды әкімі.
Сонымен қатар әкім бүкіл мәселе жолдан басталып отыр дейді. Өйткені ауыл құрылғаннан бері заңсыз аймаққа үй сала берген тұрғындар бар. Тіпті кейбірі үйлерін заңдастырып алған. Бұл өз кезегінде, толық ауыл жоспарының құрылуына кесірін тигізуде.
Солтанбайдың айтуынша, Қояндыдағы қарды толық шығару үшін облыс кемі жарты миллиардқа жуық қаржы бөлінуге тиіс. Биыл қар шығаруға 55 миллион теңге қарастырылған.
Биыл қар шығаруға 55 млн теңге бөлінді. Бірақ бұл аздық етеді. Алдағы уақытта аудандық мәслихат бұл мәселені қолға алып, бюджетімізді көбейтсе деп тілейміз. Қазіргі таңда ахуал тұрақтанды. Құтқару жұмыстары тыңғылықты жүргізілуде, - деді ауыл әкімі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Ордабаев