Студенттік омбудсмен Ұлан Наукен 10 тәулікке қамауға алынды

Ұлытау облысындағы той кортежіне қатысты оқиғадан кейін студенттік омбудсмен Ұлан Наукен 10 тәулікке қамауға алынды. Бұған оның әлеуметтік желіде жариялаған видеосы себеп болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

27 шілдеде Ұлытау облысы Полиция департаменті полицейлер той кортежін ұйымдастырушыны анықтап, оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған сегіз көлік анықталған. Барлығы айыппұл тұрағына қойылған.

Кортеж қатысушыларына барлығы 22 әкімшілік хаттама толтырылған, оның ішінде қарсы бағытқа шығу, жол апаты жағдайын туғызу, қауіпсіздік белдігін тақпау және басқа да заңбұзушылықтар бар.

Бүгін желіде "Қазақстан студенттер альянсының" төрағасы Ұлан Наукен қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Мәліметке сүйенсек, ол той кортежіне қатысты іс бойынша айыпталып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

"Сот кабинетіндегі" сот қаулысында биылғы 25 шілдеде сағат 19:00 шамасында Ұлытау облысы Жәйрем кентінде той өткені айтылады. Шара басталар алдында Қаражал - Самал тасжолында кортеж жүріп өткен, Ұлан Наукен танысының көлігінде отырып, оның люгінен шығып алған. Ол үйлену тойы кортежіндегі басқа көліктерді видеоға түсіріп, жазбаны Instagram-ға жүктеген. Сотта Ұлан Наукен өз кінәсін мойындаған.

27 шілдеде сот Ұлан Наукеннің іс-әрекетін ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша саралап, оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындаған.

Ашық дереккөздегі мәліметке сүйенсек, Ұлан Наукен - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты, "Қазақстан студенттер альянсы" РСҰ төрағасы.

Студенттік омбудсмен - студенттердің құқығы мен мүддесін қорғайтын институт. Студенттік омбудсмен институты 2022 жылы құрылып, 2023 жылғы тамыздан бастап Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!