Бұған дейін Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерге жақсы жаңалық жеткізіп, шәкіртақы өсетінін айтқан еді. Алайда еліміздегі кейбір жоғары оқу орындарының студенттері қыркүйектің шәкіртақысы берілмегенін жеткізсе, кейбір студенттер қыркүйектің шәкіртақысы бұрынғы шекпен, ешқандай өзгеріссіз берілгенін айтып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілі осы жағдайды түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15 пайызға өседі.
Қазір жаңадан құрылған министрліктің бюджетін рәсімдеу жұмыстары аяқталып қалды. Қыркүйектің шәкіртақысы жақын күндері беріледі", - деп түсіндірді министрлік өкілі.
Ведомство мәліметінше, екі министрліктің бөліну процесі жүріп жатыр.
"Студенттердің бәріне қосылады. Таяуда үстеме жіберіледі", - деді министрлік өкілі.
Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысы екі есеге, магистранттардың шәкіртақысы бір жарым есеге өсетінін айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!