Жетісу облысында студенттердің қатысуымен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде сот отырысы өтті. Сотта есірткіні заңсыз сақтағаны және сатқаны үшін айыпталушыға қатысты іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Есірткі сатушы кінәлі деп танылды. Ол сот шешімімен орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жыл жазасын өтейді.
"Бұл шараның басты мақсаты жастарға есірткі саудасына байланысты қылмыстың салдарын жеткізу болды. Сот отырысының соңында прокурорлар студенттермен профилактикалық әңгіме жүргізіп, құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікті көздейтін заң ережелерін түсіндірді", - деп жазылған Бас прокуратура хабарламасында.
Облыс прокуратурасы азаматтарға, әсіресе, есірткі арқылы келген жеңіл ақша ауыр қылмыстарға әкелетінін ескертеді. Бұл үшін 20 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз