Студенттердің болашақта аз жалақы алуына әкелетін әдеті аталды

Студенттердің болашақта аз жалақы алуына әкелетін әдеті аталды
Фото: depositphotos.com

Қытайда ғалымдар университет студенттерінің мобильді қосымшаларға жұмсаған уақыты мен олардың оқу үлгерімі мен оқуды бітіргеннен кейінгі жалақы мөлшері арасындағы заңдылықты көрсететін ауқымды зерттеу жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғалымдар ауқымды зерттеу жүргізді

Зерттеуге 2018-2020 жылдар аралығында оқуға түскен Қытайдағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Зерттеуге 7 479 студент қатысқан. Олардың ішінде 42 пайызы қыздар және 58 пайызы жігіттер, зерттеуге қатысушылардың 40 пайызы ауылдан келгендер, ал 60 пайызы қалалық студенттер. Сонымен қатар ғалымдар елдің ең ірі ұялы байланыс операторларынан 6 430 студенттің мобильді қосымшаларын пайдалануы туралы мәліметтерді жинады, бұл деректердің негізгі жиынтығын құрайды. 

Зерттеуді Висконсин-Мэдисон университетінің Пэнле Цзя Барвик (Panle Jia Barwick), Цзинань университетінен Сиюй Чэнь (Siyu Chen), Сунь Ятсен университетінен Чао Фу және Тен Ли (Chao fu және Teng li) ғалымдары жүргізді.

Ғалымдар өз жұмыстарында мобильді қосымшаларды қолданудың студенттердің академиялық және мансаптық нәтижелеріне әсерін, сондай-ақ "құрдастар эффектісінің" (peer effects) осы нәтижелерге әсерін зерттеді. Авторлар қосымашаларды пайдалану оқу үлгеріміне, физикалық денсаулыққа және оқуды бітіргеннен кейінгі бастапқы жалақыға қалай әсер ететінін зерттеді.

Мобильді қосымшаларды пайдалану оқу үлгерімін төмендетеді

Зерттеу нәтижесі бойынша мобильді қосымшаларды, әсіресе ойын қосымшаларын жиі пайдалану оқу үлгерімін төмендетеді. Мысалы, қосымшаларға жұмсалатын уақыттың артуы орташа балды (GPA) 36,2 пайызға төмендетіп, түлектің алатын жалақысын 2,3 пайызға төмендетуі мүмкін.

Студенттердің мобильді қосымшаларды қолдануы олардың топтастарына да айтарлықтай әсер етеді. Олардың құрдастары қосымшаларда неғұрлым көп уақыт өткізсе, студенттің өзінің де желіде отыру ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Бұл сонымен қатар олардың оқу үлгерімін және оқуды бітіргеннен кейінгі алғашқы жалақысын төмендетуі мүмкін.

Зерттеу бойынша қосымшаларды көп қолдану студенттердің оқуға кететін уақытын ауыстырады, сонымен қатар жиі кешігіп, сабақтан қалуға әкеледі.

Еске салайық, жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазан айында Қазақстанда ең жоғары жалақы кімдерге ұсынылғанын мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова