- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Студенттер мен оқушылар...
Студенттер мен оқушылар неге есірткі сатушылардың "оңай олжасына" айналады?
Ішкі істер министрлігі өкілі неліктен студенттер мен мектеп оқушылары есірткі сатушылардың "оңай олжасына" айналатынына жауап берді, - деп хабарайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Студенттер арасында жүргізілген сауалнамалар олардың есірткі үшін берілетін жазадан хабарсыз екенін көрсетіпті. Мефедрон сияқты синтетикалық препараттың 1,5 грамын өткізгені үшін 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Полиция студенттік жатақханаларда рейдтер ұйымдастырған. Біріншіден, жатақханаларда тұратын студенттерге кез келген психоактив заттарды қолданудың салдары, сондай-ақ, есірткі сатуға қатысқаны үшін жаза туралы ескертілген. Екіншіден, рейдтер барысында қызметтік иттері бар кинологтар жатақханаларда есірткі бар-жоғын тексерген. Бір апта ішінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде есірткінің қолданылуын немесе таралуын анықтау және есірткі қылмысы үшін жауапкершілікті түсіндіру үшін колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларында қызметтік-іздестіру иттерін пайдалана отырып, осындай 25 рейд өткізіліпті.
"Студенттер мен жасөспірімдер есірткі дилерлерінің оңай олжасына айналады. Тәуелсіз өмірді бастап, бос уақытында ақша табуға тырысқан жастар кез келген заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік барын әрдайым біле бермейді. Ішкі істер министрлігінің міндеті - әрбір оқушы мен студентке осындай "табыстың" салдары туралы ескерту. 16 жастан бастап есірткіге қатысты әрекеттері үшін толық жауап беруге тура келеді. Есірткі жасырушылар немесе курьерлер 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алады. Интернетте есірткіні жарнамалау, насихаттау, белгілі бір есірткі туралы форумдарда оң пікірлер үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді", – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 20 жастағы екі тұрғын есірткі жасырумен айналысқаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова